Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шотландияда қара жұмыс істеп келген қазақ азаматы ол жақта табысқа кенелу қаншалықты мүмкін екенін айтты

Опубликовано:

Қуаныш Сәркен
Қуаныш Сәркен. Фото: жеке мұрағатынан

Соңғы кездері табыс табуды көздеп, Ұлыбританияға маусымдық қара жұмысқа барушы қазақстандықтар қатары көбейді. Олардың арасында шетелге фермаға жұмысқа орналасамын деп, алаяқтарға алданып, қомақты қаржысынан айрылып қалғандар да жоқ емес. Осы ретте Шотландияда жұмыста болып келген ақтаулық Қуаныш Сәркен өз тәжірибесін айтып берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтау қаласының тұрғыны Қуаныш Сәркеннің негізгі мамандығы - мұнай-газ ісі. Айтуынша, оқуды бітіріп, БҚО-да осы сала бойынша бір жобада жұмыс істеген. Қысқарып қалғандықтан, шетелде жұмыс істеп көргісі келген.

"Ұлыбританияда жұмыс істеуге бару туралы бір танысымнан естіп, шет жағасын сұрап білдім. Мен ол кезде өз бетіммен баруға болатынын білген жоқпын. Шетелге жұмысқа орналасуға көмектесемін деген адамдарға 500 мың теңге бердім. Сөйтіп Шотландияға бардым. Еш қиындығы жоқ екен. Жұмыс беруші адамдармен екі рет сұхбат болды. Онда бізге не істейміз, айлық қалай төленеді, бәрін түсіндірді. Ол жақта мен фермада жұмыс істедім. Брокколи тердік. Ағылшынша білетін болғасын тез үйреніп кеттім, тіл білімім орташа деңгейде болса да көмегі тиді", - дейді Қуаныш.

Айтуынша, Шотландияда ауылшаруашылығы саласындағы жұмыстың қызатын уақыты - мамыр-қазан айларының аралығы. Ол өзі тамыз айында барғандықтан фермада біраз уақыт қана жұмыс істегенін айтады.

"Тамыз айында бардық, екі жарым айда жұмыс бітіп қалды, негізі мені апарған компания басқа фермадан әрі қарай жұмыс тауып беруі керек еді. Бірақ олай болмай шықты. Кейін Лондонда түрлі жұмыс істеп, ақпан айында елге қайттым", - дейді ол.

Шотландияда болып келген қазақстандықтың айтуынша, фермадағы жұмыста айлықты апта сайын береді, сонда айына орта есеппен 1 млн теңгедей қаражат табуға болады, алайда жүріп-тұруға кететін ақша айына 300-400 мың теңгеге жуықтайды екен.

Қуаныш қара жұмыс істеп жүргендер қатарында қазақстандықтардан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Литва азаматтары, сондай-ақ украиналықтар бар екенін айтады. Олар фермада жұмысшыларға арналған керуен деп аталатын үй-жайда тұрған. Қуаныштың сөзінше, онда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған: төсек орын, демалыс орыны, кір жуғыш машинаға дейін жабдықталған.

Қазақстандық азамат Шотландиядан алған жалпы әсерін де айтып берді. Оны әсіресе жергілікті халықтың бос жер қалдырмай өңдейтіні, технологиясының дамып кеткені таңғалдырған.

"Жалпы қызық, ел-жер көріп келдік. Алайда отбасын тастап, алты айға кеткен қиын екен", - дейді қазақстандық азамат.

Осы ретте ол қазақстандықтарды шетелге жұмысқа орналастырамын деп тақырға отырғызатын алаяқтардан абай болуды ескертеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016430-sotlandiyada-qara-zumys-istep-kelgen-qazaq-azamaty-ol-zaqta-tabysqa-kenelu-qansalyqty-mumkin-ekenin-aitty/