Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот отырысы басталды

Опубликовано:

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Фото: gov.kz

Астанада бұрынғы Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты іс бойынша сот басталды. Сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Соттың хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты айыпталушы сот отырысына онлайн қатысуда. Бірақ алдағы уақытта Мұхамедиұлы сот отырысына офлайн режимде қатысатын болады.

Сонымен қатар процеске қатысушылардың бір бөлігі онлайн байланыста болса, екінші бөлігі сот залынан қатысуда.

Сот отырысында Мұхамедиұлы Қазақстан сотына құрметпен қарайтынын атап өтті. Айыпталушылар арасында экс-министрден бөлек тағы үш адам - ​​Алмаз Нұразхан, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасова бар.

Сот отырысында Мұхамедиұлының адвокаты қорғауындағы азаматқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.

"Ол бір теңгені де өз меншігіне айналдырған жоқ, басқа қатысушылар да "біз ұрлық жасаған жоқпыз" дейді, сіздің алдыңызда шындықты анықтау міндеті тұр. Мұхамедиұлының әрекетінде қылмыстың объективті белгілері жоқ. Ол ақшаны жұмсау үшін алдымен оны иеленуі керек. Бірақ ол иеленбеді, жұмсамады және зиян келтірмеді", - дейді адвокат.

Сондай-ақ адвокат Мұхамедиұлын денсаулығына және "толық кінәсіздігіне" байланысты оған қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұрады.

Еске салайық, 2022 жылғы мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында бюджет қаражатын (146 миллион теңге сомасында) жымқыру белгілері бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.

Екі аптадан кейін Ұлттық музейдің сол кездегі директоры, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалғаны оның екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.

Сондай-ақ Антикор қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді бөліскен болатын.

Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды, биыл 6 сәуірде экс-министр мен өзге де фигуранттарға қатысты қылмыстық іс Астана қаласының Байқоңыр ауданының № 2 сотына келіп түскені хабарланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2017014-astanada-arystanbek-muxamediulyna-qatysty-sot-otyrysy-bastaldy/