Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Құралайдың салқыны": Ырғыз-Торғай резерватының қорықшылары киіктердің қалай төлдейтінін көрсетті

Опубликовано:

Құралайды ұстап тұрған инспектор
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының қызметкері. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Елімізде киік төлдейтін мерзім аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты аумағында табиғаттың ерекше құбылысы болып жатыр. Даланың киелі жануары төлдеп, құралай өріп жүр. KAZ.NUR.KZ тілшісі мемлекеттік қорық инспекторларының бақылауымен ерекше қорғалатын аумақтан эксклюзив репортаж ұсынады.

Мамандар ел аумағында киік төлдеу уақыты 20 мамырда аяқталатынын айтады. Иен даладағы киелі жануарларды көзінің қарашығындай күзетіп жүрген инспекторлар киік төлдеп жатқан аумақтарды көрсетті.

Құралай
Киіктің төлі. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Биыл киік санының көбейгені байқалады. Тіпті кейбірі резерват аумағына жақын ауылдардың ішімен жүріп өткен.

Бетбақдаланы аралатқан резерват қызметкерлері даланың ерке жануарларына ғана тән қасиетін айтып берді.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватының қызметкерлері
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Киік - ерекше жануар. Киік төлдер кезде желге қарсы жүгіреді. Бұған қатты соққан жел жәрдемдеседі. Осы кезде ауа райы бұзылып, міндетті түрде жауын-шашын болады. Қазақта оны "құралайдың салқыны" деп атайды. Алдын ала шыбын-шіркей болмайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдап, лақтарын түрегеп тұрып туады. Құралайдың енесі басқа жануарлар сияқты лағының шаранасын жалап тазаламайды. Шарана жауын суымен шайылып кетеді немесе жел қағып, кеуіп түседі. Енесі жанында болмаған кезде құралай тапжылмастан жатады. Жаңа туған лақтар екі сағатта аяққа тұрып, екі күнде енесіне ере алады. Аналық киіктер кез келген құралайды емізіп, бауырына алады. Олардың далалықта жетім қалмайтыны осыдан. Ал екі күннен кейін оған қуып жету мүмкін емес", - деді Ырғыз -Торғай мемлекеттік табиғи резерваты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ардақ Бақтыбаев.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерватының қызметкерлері
Табиғи резерват қорықшылары. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Қазақ халқы ұшқан құс пен даладағы жан-жануарларға қарап, ауа райында болатын өзгерістерді болжай білген. "Құралайдың салқыны" деген сөз қазақ ұғымында ертеден бар. Күн салқандай бастаған сәтте қасиетті жануар да төлдейді. Сөйтіп, киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы салқын кезіне дәл келеді.

"Құралайдың салқынымен желге қарсы жүгірген лақтардың тынысы ашылып, тез аяқтанып кетеді. Биылғы лақ келесі жылы төлдейді. Біздің болжам бойынша, олардың алғашқы төлі бір ғана лақ. Келесі жылдары егізден, үшемдеп туады. Үшемдерді бірнеше рет көрдік, бәрі бір жерде жатады. Бұл жануардың ерекшелігі көп. Киіктер күйікке түсетін кезде, төлдеуге дейін одан кейін жейтін шөбі бөлек болады", - дейді Ардақ Бақтыбаев.

Түйежапырақ
Қураған түйежапырақ. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Резерватта ғылыми жұмыстар жүргізіп жүрген мамандардың айтуынша, даланың жануары түйежапырақ шөбі сарғайған кезде төлдейді. Үлкен қызғылт-жасыл жапырақ құралайды жасырып тұрады екен. Осылайша көкте ұшқан қырағы құстар түйежапыраққа жасырынған киіктің лағын байқамай қалады. Құралай өрген кезде бұл жапырақтар да қурап, желмен бірге ұшып кетеді. Ерекше өсімдіктің киік төлдеген сәтте гүлдеуі таңғажайып құбылыс екені сөзсіз.

Өзендер мен далада жиналған су бойын жағалап жүрген киіктер инспекторлардың қатаң бақылауында. Олар резерват аумағында он күндеп түнеп, әрбір сәтті қағазға түртіп отырады.

Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты
Жаңа туған құралай. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

"Рейд жұмысы үздіксіз жасалады. Орта есеппен 7-8 топ резерват аумағында жүреді. Әр топтағы үш адам он күн сайын алмасып тұрады. Барлығы бұйрықпен. Әр топтың қорғау-күзету аумағы бекітіледі. Ол он күн бойы далалықта жүреді. Олар жаңа туған лақтардың салмағын өлшеп, жынысын анықтайды. Осылайшы ғылыми зерттеу жұмыстары жүреді. Егіз лақтардың салмағы 2,8-3 келі аралығында болады. Қазір адами факторлар жоқ. Браконьерлік бойынша заң күшейгеннен кейін қиындық жоқ. Соңғы жылдары өсім көбейді", - дейді табиғи кешенді қорғау бөлімінің басшысы Ғани Байниязов.

Резерват инспекторлары биыл 5 мыңнан аса киік төлін көзімен көріп, салмағын өлшеп, зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2021225-quralaidyn-salqyny-yrgyz-torgai-rezervatynyn-qoryqsylary-kiikterdin-qalai-toldeitinin-korsetti/

pixel