Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Германия, Францияға жөнелтеміз": Қазалыда тұратын көпбалалы ана ауылындағы қамысты табыс көзіне айналдырды

Жарияланған күні:

Қамыс
Жиналған қамыс. Фото: Венера Тайлақбаева

Қызылорда облысы Қазалы ауданында тұратын көпбалалы ана Венера Тайлақбаева отбасымен қамыс орып, оны еуропалықтарға сатуды табыс көзіне айналдырған. Кәсіпкер келіншек небәрі екі жылда Еуропаның Германия, Нидерланды, Дания, Франция мемлекеттерімен байланыс орнатып үлгерген, қазіргі таңда олармен тұрақты сауда жасайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Венера Тайлақбаева мен жолдасы Райысбек Аяпбергенов қамыс кәсібіне 2021 жылы келген.

"Қазалы ауданында қамыс көп. Қамысты негізінен қыста орамыз. Ал жазда буып, Еуропаға жөнелтеміз. Дәл қазір бізде 10-15 адам еңбек етіп жүр. Бұл жұмысқа көп адам шыдай бермейді. Себебі, жұмыс ауыр. Жаздың 40 градус ыстығында жүру оңай емес. Бір ай істеп кететіндер бар. Ал қыс мезгілінде - қамыс ору жұмысы қызған шақта мұнда 200-300 адамға жұмыс табылады", - дейді кәсіпкер келіншек.

Райысбек пен Венера шетелдік клиентімен кездесуде
Райысбек пен Венера (оң жақта) шетелдік клиентімен кездесуде. Фото: Венера Тайлақбаеваның жеке мұрағатынан

Венераның айтуынша, негізінен жолдасы қамысты жинаумен, қабылдап алумен айналысса, өзі сату ісін қолға алған.

буылған қамыс
Буылған қамысты көлікке тиеу сәті. Фото: Венера Тайлақбаева

"Алғашқы клиенттеріміз Нидерланды елінен болды. Біздің қамысты көріп, ұнатты. Содан тағы да тапсырыс берді. Одан басқа да елдер, мысалы, Германия, Дания, Франциядан тұрақты тұтынушыларымыз бар. Олар негізінен бұл қамысты үйдің шатырын жабуға пайдаланады. Төбесі қамыспен жабылған үй қыста жылы, жазда салқын болады. Екіншіден, әдемі көрінеді", - дейді ол.

қамыстан жасалған шатыр
Қамыстан жасалған шатыр. Фото: Венера Тайлақбаева

Қазалылық отбасы бір маусымда Еуропаға 60-70 жүк көлігін қамысқа толтырып, жөнелтеді екен.

қамыс жинау процесі
Қамыс жинау сәті. Фото: Венера Тайлақбаева

Айта кетерлігі, Венера еуропалық клиенттерімен ағылшын тілінде сөйлеседі. Кәсіпкер шетелдіктермен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Еуропалық нарыққа шығуына интернет, әлеуметтік желінің көмегі тиген.

Еуропаға жеткен Қазалының қамысы
Еуропаға жеткен Қазалының қамысы. Фото: Венера Тайлақбаева

Іскер ерлі-зайыпты жұп бұған дейін де саудамен айналысқан.

Райысбек пен Венера шетелдік клиентімен кездесуде
Райысбек пен Венера шетелдік клиентімен кездесуде. Фото: Венера Тайлақбаеваның жеке мұрағатынан

"Біз бұған дейін азық-түлік саласында Ресеймен сауда жасадық. Дағыстаннан жылқы әкеп сатқанымыз бар", - дейді Венера Тайлақбаева.

Айта кетейік, Венера сегіз ұл, екі қыздың анасы.

қамыспен жабылған үй
Қамыспен жабылған үй. Фото: Венера Тайлақбаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025896-germaniya-franciyaga-zoneltemiz-qazalyda-turatyn-kopbalaly-ana-auylyndagy-qamysty-tabys-kozine-ainaldyrdy-foto/