Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаевқа елден қашу ісі бойынша сот үкімі шықты

Опубликовано:

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы облысының Кеген аудандық сотында Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа елден қашу ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.

Сот бұрынғы генералды Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өту ісі бойынша кінәлі деп таныған.

"Сот Серік Мырзақұлұлы Күдебаевты Қылмыстық кодекстің 392-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп тануға және оған 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауға үкім етеді", - дейді үкімді оқыған Кеген аудандық сотының судьясы.

Бұл мерзім бұған дейінгі 10 жыл жазаның үстіне қосылатын болады. Осылайша, Серік Күдебаевтың жазасын өтеу мерзімі жалпы 10 жыл 3 айды құрап отыр.

Серік Күдебаевтың ісі

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында Алматы облысы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Серік Күдебаевқа Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін Күдебаев сот отырысына тағы да келмей қалған соң, прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Ал Қазақстанның Шекара қызметі генералдың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпегенін хабарлады.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

Сондай-ақ Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

27 сәуірде Серік Күдебаев ұсталып, елге жеткізілді.

Ал 28 сәуірде сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазым иеленуге 10 жылға тыйым салынды.

Күдебаев сот үкіміне шағым түсірген еді. Дегенмен, оның апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2029107-serik-kudebaevtin-elden-qasyp-ketu-isi-boiynsa-zana-ukim-syqty/

pixel