Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балам мүгедек болды": Астанада баспалдақтан құлаған оқушының әкесі ұлына қымбат ота қажет екенін айтты

Опубликовано:

Аурухана
Ауруханадағы бала. Көрнекі фото: Getty Images / Alexandra Pavlova

Елордадағы мектептердің бірінде баспалдақтан құлап кеткен оқушының әкесі балаға шетелде қымбат ота жасалуы керектігін, өйткені оның көру қабілеті тез жоғалып жатқанын айтты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бұған дейін елордалық мектептердің бірінің оқушысы баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алғанын жазған болатынбыз.

Астана қаласының білім басқармасы оқушының екінші қабатқа көтеріліп бара жатып, баспалдақтан құлап кеткенін хабарлады. Қазіргі уақытта бала қалалық балалар ауруханасында. Есін біледі, жағдайы тұрақты.

Баланың әкесінің айтуынша, балаға қымбат ота қажет, өйткені оқиғадан кейін ол көру қабілетін тез жоғалтуда.

"Ашық бас жарақаты. Мұрын сүйегі сынған. Бала демалғанда миға ауа кіріп жатыр дейді. Баланың денсаулығы қалыпты деп жазып жатыр. Ешқандай да қалыпты емес, ота жасалмаған баланың денсаулығы қалай қалыпты болады? 50 пайыз көзі көрмейді. Екінші көзі минусқа кетіпті бүгін. Балам мүгедек болды. Кім жауап береді", - деді жәбірленушінің әкесі Бекжан Қожамқұлов.

Телеарнаның мәліметінше, балаға хаттама бойынша ем-дом көрсетілуде.

"Нақты ашық бас жарақаты, контизуолог фокусы маңдай бөлігінде. Маңдай сүйектерінің сызықты сынуы, орбиталық ұяның жоғарғы қабырғасының сынуы. Жалпы жағдайы түскен кезде ауыр болды. Екі күн жансақтау бөлімінде жатты. Қазіргі жағдайы орташа, үлкен консилуим болды. Шешім қабылдадық, қазіргі уақытта ешқандай ота жасайтындай көрсеткіш жоқ", -деді нейрохирург Серік Қизатуллин.

Аталған факті бойынша "Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Мектеп ғимараты 74 жылы салынған. Мектептің жобасы бойынша мұндай қарастырылмаған. Қазір оқыс жағдайдың қайталанбауы үшін осындай қоршау жасатып қойдық. Мен көріп тұрғанмен, бізді ТЖМ, СЭС тексерді. Мұндай қауіп болған жоқ",- деді мектептің бұрынғы директоры.

Сондай-ақ арна тілшілері 860 орынға есептелген бұл мектепте 1800 бала білім алып жатқанын хабарлады. Бірақ балалардың қауіпсіздігіне жауапты ересектердің ешқайсысы бұл оқиғаға дейін баспалдақтың қауіпті екенін байқамаған.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Естеріңізге сала кетейік, Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жарақат алған мектеп оқушысының жағдайы туралы айтқан болатын.

Сондай-ақ балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева құқық қорғау органдарының мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Кейін оқыс оқиға болған мектеп директорының жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038112-balam-mugedek-boldy-astanada-baspaldaqtan-qulagan-oqusynyn-akesi-ulyna-qymbat-ota-qazet-ekenin-aitty/

pixel