Ақтаулық блогер мектеп дәретханасынан алғаш рет сабын көргенін айтқан оқушыға араша түсті
Жарияланған күні:
Блогер Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшасына Ақтау қаласындағы мектептердің бірінде түсірілген видеоны жариялады. Блогердің сөзінше, видеоны түсірген оқушы мектептен дәретхана қағазы мен сабынды алғаш рет көріп тұрғанын айтады. Қоғам белсендісі осы жағдайдан соң оқушы мен оның ата-анасына мектеп басшылығы тарапынан қысым болғанын жазған. Қалалық білім бөлімі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ақтау қаласындағы № 3 мектепте түсірілген видеоны желідегі парақшасында жариялаған Азамат Сәрсенбаев облыстық прокуратурадан оқушыға араша сұрады. Айтуынша, 11 сынып оқушысы сол видеоны жариялаған соң, мектеп басшылығынан қысым көрген.
"11 сынып оқушысы мектеп басшылығы тарапынан қатаң "санкцияға" ұшыраған. Өйткені ол әлеуметтік желіде мектепте дәретхана қағазы мен сабынды алғаш рет көріп тұрғаны туралы видео жариялаған. Ол мұндай оң өзгеріс мектепке комиссияның келуімен байланысты деп топшылайды. Осы бейнежазбадан кейін мектеп басшылығы оның ата-анасын айыппұлмен қорқытып, жұмыста қиындық туындауы мүмкін деп ескерткен, ал оқушыға мектеп атынан олимпиадаға қатысуға тыйым салған", - деп жазды блогер.
Блогер сондай-ақ оқушының мектепте жазған түсініктемесін де жария еткен.
Бұл жайтқа қатысты пікір білдірген Ақтау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, оқушы бейнежазбаны әзіл ретінде түсіргенін мойындаған.
"Бұл жағдай 27 қыркүйек күні Ақтау қаласының №3 мектебінде түсірілген. Бейнежазбада аталған мектептің 11 сынып оқушысының айтып жатқан уәжі еш шындыққа жанаспайды. Тазалықты сақтау және санитарлық нормаларды сақтау мақсатында мектеп дәретханалары мен мектеп асханасында үнемі тазалағыш заттар (сұйық сабын, дәретхана қағазы) қойылады.
Бейнежазбаны түсірген оқушы қыз мұны әзіл үшін жасағанын мойындады", - делінген қалалық білім бөлімінің хабарламасында.
Сондай-ақ білім бөлімі өкілдері аталған мектепте тексеруші органдар тарапынан осы кезеңде тексерістер жүргізілмегенін атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038597-qysym-korgen-aqtaulyq-bloger-mektep-daretxanasynan-algas-ret-sabyn-korgenin-aitqan-oqusyga-arasa-tusti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.