Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қоймада жатыр": Жамбылда бүтін бір аудан мектептері компьютерсіз қалды

Опубликовано:

компьютерлер
Компьютерлер. Көрнекі фото: pixabay.com

Жамбылда бір ауданның 20-ға жуық білім ошағына берілген компьютерлер жарамсыз болып шыққан. Байзақ ауданының оқушылары пайдалануы тиіс құрылғылар қазір қоймада жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Осыдан үш жыл бұрын оқушылар қашықтан оқуға көшіп, оларға компьютерлер қажет болады. Байзақ аудандық білім бөлімі тендер ойнатып, оны Бейбіт Темірғалиев есімді кәсіпкер жеңіп алған. Кәсіпкер келісімшартқа сәйкес ауданға 100 дана техника тапсырады. Аудандық білім бөлімі құрылғыларды бастан-аяқ тексеріп, қабылдап алады. Алайда олар бір жарым жыл өткеннен кейін "тапсырғаны талапқа сай емес" деп кәсіпкерді сыртынан сотқа береді. Тендердің талабы бойынша үш жылдық кепілдік мерзімі бар. Сондықтан ол компьютерлерін жөндеп бермек болып бекінеді. Алайда кәсіпкердің сөзінше, техникаларды тексергенде ішкі құрылғыларының ауыстырылғанын байқаған. Кәсіпкер өзіне жала жабылып отырғанын айтты.

"Келісімшарт бойынша мен компьютерлер күйген немесе істен шыққан жағдайда ғана жөндеуге міндеттімін. Бастапқыда техникаларды жөндеуге келістім. Тексеріп қарасам, ішінде қымбат құрылғыларын ескі-құсқы дүниелермен ауыстырып қойған. Енді оған жаңасын салу менің міндетім емес. Олай болмаған жағдайда ақшасын төле деп отыр. Мұны қалай түсінеміз сонда? Мен ештеңе төлемеймін. Жоғары сотқа дейін барамын", - дейді кәсіпкер Бейбіт Темірғалиев.

Кәсіпкердің компьютерлері Байзақтағы 16 мектепке таратылған. Қазір ол техникалар "жарамсыз" деп танылып, қоймада жатыр. Аудандық білім бөлімінің басшысы кезінде құрылғыларды қалай қабылдап алғаны туралы айта алмады.

"Біздің тарапымыздан кәсіпкерді сотқа беріп, 24 млн теңге өндірілуде. Қазір компьютерлер қоймада жатыр. Мен қалай қабылдап алғаны туралы пікір білдіре алмаймын. Өйткені қылмыстық іс қозғалып, бұрынғы (аудандық білім бөлімінің - ред.) басшы мен кәсіпкердің арасында сот жүріп жатыр", - дейді Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрболат Мамырбаев.

Қазіргі таңда қос тарап экономикалық сотта есеп айырысып жүр. Өткен сот отырысында судья кәсіпкердің талап-арызын қанағаттандырмады.

"Компьютерлер ауыстырылған деген жауапкердің уәждері нақты дәлелдермен расталмайды. Апелляциялық шешім қанағаттандырусыз қалдырып отыр", - дейді облыстық азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Айгүл Нұрлыбекова.

Енді тараптардың тартысы Жоғарғы сотта жалғаспақ. Ал дауға нүкте қойылғанша оқушылар қолда бар ескі құрылғыларды қолдана тұрмақ.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038812-qoimada-zatyr-zambylda-butin-bir-audan-mektepteri-kompyutersiz-qaldy/