Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда қандалаға қарсы улаудан кейін екі бүлдіршін көз жұмған оқиға: Айжан Есмағамбетова пікір білдірді

Опубликовано:

Айжан Есмағамбетова
Айжан Есмағамбетова. Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау вице-министрі – мемлекеттік бас санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова Ақтауда қандалаға қарсы улау жұмыстарынан кейін екі бүлдіршін көз жұмған оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.

Айжан Есмағамбетованың айтуынша, бұл факті бойынша қазіргі таңда эпидемиологиялық тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

"Оның қорытындысы бойынша пәтер иесі дезинфекция жұмыстарын өз бетімен өткізіп, дезинфекция құралдарын базардан сатып алып, үйде оны қалдырып, өз отбасын алып кеткен. Улы зат желдету жүйесімен көтеріліп, сол үйде тұрған көршілерінде осындай жағдай тіркелді. Қазір қылмыстық тергеу басталды", - дейді бас санитариялық дәрігер.

Вице-министрдің сөзінше, кейінгі 3-4 жылда зиянкестерге қарсы улау жұмыстарының салдарынан адамның қайтыс болуы фактісі бірнеше рет тіркелген. Сондықтан зиянкестерді улаумен айналысатын ұйымдардың қызметін лицензия арқылы реттеу тетігін қайта күшіне енгізу көзделіп отыр.

"Биологиялық қауіпсіздік заңының аясында келесі жылдан бастап барлық дезинфекция, дератизация жұмыстары лицензиялаудан өтеді. Яғни, сондай жұмыстарды өткізу үшін лицензия алу керек болады. Бірақ бұл өте күрделі жағдай.

Азаматтарымызға беретін кеңесім, улау құралдарын сатып алған кезде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі мен нұсқамасын сұрау керек. Нұсқамаға қарап қана осындай жұмыстарды өткізуге болады. Бірақ дезинфекция, дератизация жұмыстарын өткізетін мамандардың қызметіне жүгінген дұрыс. Өз бетімен үйде ондай жұмыстарды өткізбеу керек", - дейді Айжан Есмағамбетова.

Сондай-ақ ол зиянкестерді улау жұмыстарымен айналысатын ұйымдардың қызметі 2007 жылға дейін лицензиямен реттелгенін, кейін бұл алып тасталғанын атап өтті.

"Кейінгі 3-4 жылда Ақтаудағы сияқты 3-4 жағдай болды. Сондықтан біз "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заң аясында осындай лицензиялауды енгіземіз", - дейді мемлекеттік бас санитариялық дәрігер.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтауда көпқабатты үйдегі пәтерде қандалға қарсы улау жұмыстары жүргізілгеннен кейін жоғары қабаттағы пәтердің тұрғындары уланып, екі бала көз жұмған еді. Кейін бұл оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2042347-aqtauda-qandalany-ulaudan-keiin-eki-buldirsin-koz-zumgan-oqiga-aizan-esmagambetova-pikir-bildirdi/

pixel