Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Депутат, журналист, блогер, бәрін шақырдық": Атырауда апатты үйдің тұрғындары әкімдікпен дауласып жүріп жаңа пәтер алды

Опубликовано:

Атырау тұрғындары
Баспаналы болып жатқан Атырау тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырауда 10 жыл бұрын апатты деп танылған екі қабатты үйдің тұрғындары билікке жанайқайын жеткізіп, он жыл дегенде жаңа үйден пәтер алды. Талай табалдырықты тоздырған жұрт сөзінің билікке жеткеніне қуанышты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау қаласындағы Стаханова 3 "А" мекенжайында орналасқан екіқабатты үй өткен ғасырға тиесілі. Қамыстан салынған төбесі тесік үй тіпті тізімде де жоқ болып шыққан. Ондаған жылдар бойы тұрғындар үйіндінің астында қаламыз ба деген үреймен күн кешті. Апатты үйдің тұрғыны Людмила Сангинованың айтуынша, олардың кірмеген басшысы, шақырмаған тілшісі қалмаған.

"Ескі үйімізде жуынатын бөлме де жоқ. Жаңбыр жауса төбемізден су ағады, қабырғалар дірілдейді. Жөндеу жүргізе алмаймыз, өйткені қабырғаға шеге тұрмайды. Қандай да бір құрылғы қоссақ, жар солайымен құлайтын. Бармаған жеріміз жоқ. Әкімдіктің де, "Amanat-тың" ТКШ-ның талай рет табалдырығын тоздырдық. Депутат, журналист, блогер бәрін шақырдық. Костю киген бір кісілер тіпті: "Осы үйде шынымен адам тұрып жатыр ма", - деп таң қалып кеткен", - деп еске алады Людмила Сангинова.

Атыраулықтарға пәтер берілген тұрғын үй
Апатты үй тұрғындарына пәтер берілген үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Стаханова 3 "А" мекенжайы тұрғындарының жанайқайын KAZ.NUR.KZ тілшісі де жазған болатын. Міне, енді екі қабатты үйдің тұрғындарына құрылысы аяқталған жаңа "Модерн" тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

"Сөзіміз билікке жетті. Қайта-қайта барған еңбегіміз ақталды. Маған үшінші қабаттан ауданы 76 шаршы метрді құрайтын пәтердің кілтін табыстады. Қуанышымда шек жоқ. Жаңа шағын ауданда барлық жағдай жасалған. Ең бастысы үйдің ішінде жуынатын бөлме барына қуанып отырмын. Газ-плитаны да сыйлыққа берді", - дейді қуанышын бөліскен Людмила Сангинова.

Екі бөлмелі және үш бөлмелі үйлердің кілтін тұрғындарға Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиев табыстады.

жаңа пәтер
Жаңа пәтерге ие болған атыраулық тұрғын. Фото: KAZ.NUR.KZ

"1950 жылы салынған Стаханов 3 "А" апатты үй тізіміне тіркеліп, жол картасы бекітілген болатын. Міне, бүгін сол 8 пәтердің иелеріне қалалық бюджеттен "Модерн" жеке тұрғын үй кешенінен үй сатып алып, кілтін табыстадық. Жыл соңына дейін апатты деп таңылған қосымша 3 үйдегі 42 пәтердің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілетін болады", - деді Рафхат Жолдиев.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2043578-deputat-zurnalist-bloger-barin-saqyrdyq-atyrauda-apatty-uidin-turgyndary-akimdikpen-daulasyp-zurip-zana-pater-aldy/

pixel