Бишімбаевтың ұсталуы: істе тағы бір күдікті пайда болды
Жарияланған күні:
Экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты істе тағы бір күдікті ұсталды, - деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі Астана қаласының полиция департаменті өкілдеріне сілтеме жасап.
Полиция өкілдерінің айтуынша, тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша қылмыстық іс жеке тіркелген, оның аясында "Гастро-орталық" директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
"Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын және нақты адамдардың кінәсін анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралардың барлық кешенін орындайды. Тергеу барысында Қылмыстық кодекстің 432, яғни (қылмысты жасыру) бабы бойынша қылмыстық іс жеке тіркелді, оның шеңберінде "Гастро-орталық" директоры күдікті деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген полицияның Instagram желісінде жарияланған хабарламада.
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) және 119-бабының 3-бөлігі (қауіп-қатерде қалдыру) бойынша қылмыстық істер тіркелгені айтылады.
"Тергеуді Астана қаласының Полиция департаменті тергеу басқармасы жүргізеді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі басшылығының бақылауында болады. Естеріңізге сала кетейік, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - деп ескертті департаменттегілер.
Бұған дейін әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған.
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045358-bisimbaevtyn-ustaluy-iste-tagy-bir-kudikti-paida-boldy/