Бишімбаев жұбайының өлімі: полиция бейнебақылау камерасындағы жазбаларды алды
Жарияланған күні:
Астана қаласы полиция департаменті "БАУ" мейрамханасында бақылау камераларынан бейнематериалдарды алды, - деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ полицияның Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап.
Елордалық полиция департаменті "БАУ" мейрамханасында кісі өлтіру фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.
"Қазіргі уақытта тергеу органдары қызмет көрсетуші персонал мен жасалған аса ауыр қылмыстың мән-жайын білуі мүмкін басқа да адамдардан жауап алу кезінде деректердің көрсеткіштеріне тексеру жүргізеді. Сондай-ақ оқиға орнынан тиісті зерттеулер тағайындалған бейнематериалдар алынды", - делінген хабарламада.
Алайда тәртіп сақшылары бұдан басқа ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етілмейтінін ескертті.
Бишімбаев ісі
Бұған дейін әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Онымен қатар, экс-министрдің әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынған.
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045714-bisimbaev-zubaiynyn-olimi-policiya-beinebaqylau-kamerasyndagy-zazbalardy-aldy/