Астанада Салтанат Нүкенова қайтыс болған мейрамхананың атауы жазылған маңдайша алынды (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском"Гастроцентр" өкілдері экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болған Астанадағы "BAU" мейрамханасының иелерімен жалға беру келісімін бұзды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі мекеменің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап.
"Жалға берілген "BAU" мейрамханасының аумағында болған қайғылы оқиғаға үлкен өкініш білдіреміз және Салтанат Нукенованың отбасына қайғырып көңіл айтамыз.
Болған жайт біздің де жанымызға батып, қабырғамызды қайыстырып отыр. Қазіргі таңда "Гастроцентр" басшылығы мен қызметкерлері тергеу жұмыстарына көмек беру үшін бар күш-жігерін салуда. Біз қоғамның наразылығын толық қолдаймыз: зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды", - деп жазылған орталықтың Instagram-дағы парақшасында.
Орталық өкілдері осы жағдайға байланысты заң аясында бірқатар шешім шығарғанын хабарлады:
- Құрылтайшылардың шешімімен бірауыздан "BAU" мейрамханасының иелерімен жалға беру шарты бұзылды;
- "Гастроцентрге" жаңа директор тағайындалды;
- "Гастроцентрді" күзету қызметі бойынша қауіпсіздік шаралары күшейтіледі: қауіпсіздік қызметін көрсететін ұйымдармен келіссөздер жүргізілуде.
"Сонымен қоса "BAU" мейрамханасы Гастроцентрден жалға орын алған 30 мекеменің бірі екенін нақтылағымыз келеді. "Гастроцентр" астаналықтардың демалуы үшін елорда орталығында көпке белгілі мейрамханалар желісін біріктіру мақсатында құрылған. Біз жайлы демалыс орнын жасауға тырыстық және сіздердің қолдауларыңызбен осы бағытта жұмысымызды жалғастыруға ниеттіміз. Алдағы уақытта келушілеріміздің жайлылығы мен қауіпсіздігіне бұдан да көп көңіл бөлінетін болады", - деп жазылған мәлімдемеде.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынғанын жазған едік.
Айта кетсек, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Ал қарашаның 15-і мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап еткені туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046273-astanada-saltanat-nukenova-qaitys-bolgan-meiramxananyn-atauy-zazylgan-mandaisa-alyndy-video/