Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Прокурор Арыстанбек Мұхамедиұлына тағы қандай айып тағылып отырғанын айтты

Опубликовано:

Арыстанбек Мұхамедиұлы
Арыстанбек Мұхамедиұлы. Фото: gov.kz

Астанада "Дипломат" қонақүйіне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Бұл іс бойынша Ұлттық музейдің экс-директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы жауапқа тартылып жатыр. Айыпталушыға тағы бірнеше айып тағылған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сот отырысында сөз алған мемлекеттік айыптаушының мәліметіне қарағанда, Мұхамедиұлы мәдениет және спорт министрі болып тұрған кезде мемлекеттік аппаратта таныстарының көп болуы себепті алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адамның көмегімен Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және мұрағат ісін басқару тиімділігін арттыруға бөлінген қаржыны ысырап ету арқылы жымқыруды ұйымдастыруды мақсат еткен.

Осылайша, іске еншілес компания тартылып, онымен келісім жасалған. Шығынға құны 309 млн теңгеден асатын ұлттық цифрлық фильмдер топтамасын жасау енгізілген. Айыптау қорытындысында прокурор Мұхамедиұлы цифрландыру шығынын азайту мақсатында "Қазақфильм" қызметкерлерін дайындық жұмыстарын жүргізуге тартқанын атап өтті. Прокурордың айтуынша, нәтижесінде Мұхамедиұлы алдын ала сөз байласу арқылы бір топ адам болып, 196 млн теңге залал келтірген, оның ішінде аяқталмаған жұмыс көлемі 167 млн теңгені құраған.

"Мұхамедиұлы еншілес серіктестіктер арқылы іс жүзінде қызмет көрсетпестен, ысырап ету жолымен қаражат жымқырып, оған өз қалауы бойынша иелік еткен", - дейді мемлекеттік айыптаушы.

Бұл эпизод бойынша бұрынғы министрге Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.

Сонымен қатар экс-министрге республикалық Жоғары спорт шеберлігі мектебін (ЖСШМ) жекешелендіруге жататын мемлекеттік мүліктер тізіміне енгізуге ықпал етті деген айып тағылып отыр. Өйткені нысанның Алматы қаласында 4,9 гектар жер учаскесі болған. Ол 662 млн теңгеге аукционға шығарылған, бірақ аукцион өтпеді деп танылып, бағасы екі есеге төмендетілген. Айыптаушы тараптың мәліметінше, осыдан кейін ЖСШМ сатып алынып, кейін Мұхамедиұлының туысына берілген, содан кейін сотталушының өзі нақты меншік иесі болған.

Осы эпизод бойынша Мұхамедиұлына Қылмыстық кодекстің 361-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған.

Сондай-ақ прокурордың сөзінше, оған ақпараттық ресурстарды танымал ету және киелі жерлерді цифрландыру бойынша республикалық тізімге енгізілген нысандардың 3D-модельдерін енгізу бойынша іс-шараларды өткізу кезінде қаржы жымқырды деген айып тағылған. Бұдан бөлек прокурор халықаралық дәрежедегі қымбат шара ұйымдастырылғандай етіп көрсетіп және шетелге қаражат шығару үшін Мұхамедиұлы қызмет көрсетуші ретінде Германия азаматын тартпақ болғанын атап өтті.

"Құжаттарға басқа сотталушы Нұразхан қол қойған, өйткені Мұхамедиұлы жауапкершіліктен жалтару үшін оған қол қою құқығын берген. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген сома мен қызметтердің орташа нарықтық құны арасындағы айырмашылық 1 млрд 493 млн теңге", - дейді прокурор.

Осы эпизод бойынша да Мұхамедиұлына Қылмыстық кодекстің 28-бабының 3-бөлігі және 189-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылып отыр.

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі

2022 жылдың мамырында Антикор қызметкерлері Астанадағы Ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізе бастағаны туралы ақпарат пайда болды. Мұражай басшылығы "Алтын адамның шеруі әлем мұражайлары бойынша шеруі" көрмесі кезінде 146 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді.

2022 жылдың мамыр айының соңында ол ұсталып, екі айға қамауға алынды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы мен тағы бірнеше адамға қатысты сот 2023 жылдың сәуірінде Астанада басталған.

Айыптаушы тарап Мұхамедиұлы бір топ адаммен бірге Үндістанда "Алтын адам" көрмесін өткізуге 350 млн теңге жалған жұмсаған деген күдікке ілінгенін, көрме өткізілмегенін мәлімдеді.

Прокурорлар Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін оның адвокаты сотқа аппеляциялық шағым түсірді.

Кейін Мұхамедиұлының тағы бір соты Астанада өтетіні белгілі болды. Ал соңғы сот отырыстарының бірінде рейдерлік жасады деп айыпталған Ұлттық музейдің экс-директоры судьяны Гераклға теңеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2053761-prokuror-eks-ministr-arystanbek-muxamediulyna-tagy-qandai-aiyp-tagylyp-otyrganyn-aitty/

pixel