Қардың қалыңдығы екі метрге жетті: ШҚО-да табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы және жаңадан құрылған Марқакөл ауданының халқы қар құрсауында қалды. Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде 7 қаңтардан бері толассыз жауған қардан көлік тұрмақ арнайы техника жүре алмай жатқанын айтып, желіде видео жариялады. Осыған байланысты бүгін, 16 қаңтарда төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Марқакөл ауданындағы Қайнарлы, Қараой ауылдары тұрғындарының базынасын Instagram-дағы жергілікті пабликтердің бірі жеткізді. Қалың қар құрсауында қалып отырған ауылдықтар азық-түлік таусылып жатқанын айтады.
"Жарты ай болды, жол жоқ. Азық-түлік таусылып барады, халық ұнға зәру болып отыр", - дейді Марқакөл ауданы Қайнарлы ауылының Мадина есімді тұрғыны.
Сондай-ақ тағы бір бейнежазбада Қаба ауылында төрт тәуліктен бері жол жоқ екені айтылған. Тұрғындар дереу шара қолдануды талап етіп отыр.
"Арнайы техника, Шнек, Ротор, К-700 жіберу керек, төрт тәулік болды жол жоқ, Мрамор жолын бүгін әрең ашты. Марқакөлге аса назар назар аудару қажет", - деп жазады жергілікті блогер.
Аудандағы жағдайға қатысты ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Облыс әкімдігіндегілер 2024 жылдың 7 қаңтарынан бастап Күршім ауданында қар мен боран тоқтамай тұрғанын растады.
"Кей жерде қардың қалыңдығы 1.8-2 метрге жетті. Маралды және Төсқайың ауылдық округтерінің елді мекендері көлік қатынасынан ажыратылды. Қардың түсу нормасынан асып кетуін және елді мекендерге көлік қатынасының болмауын ескере отырып, Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Сонымен қатар ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасының деректері бойынша жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жөнелтілген. Қазіргі уақытта 24 арнайы техниканың жұмылдырылғаны белгілі болды. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу қиындық тудыруда.
Сондай-ақ Күршім ауданына қажетті көмек көрсету үшін ШҚО бойынша ТЖ департаментінің техникасы келген.
"Маралды және Төсқайың ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Қолайлы ауа-райы жағдайлары белгіленгеннен кейін, 16 қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді", - дейді әкімдіктің ресми өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055737-qardyn-qalyndygy-eki-metrge-zetti-sqo-da-tabigi-sipattagy-totense-zagdai-zariyalandy/