Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көрпесі өткен ғасырға тиесілі секілді": Атырау тұрғыны жұқпалы аурулар ауруханасындағы палата тазалығына шағымданды

Опубликовано:

аурухана ғимараты
Аурухана ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

Науқастар инфекциялық ауруларды емдейтін Атырау облыстық №2 аурухананың санитарлық жағдайына шағымдануда. Олар төсек-жабдықтың тозғанын, қабырғаларды кір басқанын, бөлмелердің салқын екенін айтып, әлеуметтік желіге фото-видео жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Атырау облысы елімізде қызылша ауруы белең алған облыстардың алғашқы үштігінде. Дәрігерлер жақында қосалқы аурухананы іске қосты. Тәулігіне ауруханаға 45-ке жуық науқас көмекке жүгінеді, оның 25 стационарлық бақылауға алынады. 100 кереуеттік аурухананың 96-орны толық. Ал емделушілер инфекциялық аурухананың жағдайын айтып сынауда.

Кристина Ерошина баласы қызылшамен ауырып облыстық №2 ауруханада ем алған. Айтуынша, емделушілерге берілетін төсек-жабдықтар әбден ескірген. Өзіне берілген қаптағыштардың дақ, тіпті тесік екенін айтып, дәлел ретінде фотосуреттерді жүктеген. Қабырғалар да әбден ластанған.

аурухана іші
Аурухана төсегі. Фото: пациенттің жеке мұрағатынан

"Дәрігерлерге шағымым жоқ, өз істерінің мамандары. Бірнеше күннің ішінде баламды жазып берді. Бірақ ауруханадағы антисанитариялық жағдай ұнамады. Қабырғалары лас. Төсек-орындары ескі, жыртылған. Көпшіктің ішін мамықпен емес, таспен толтырып қойғандай. Ал жамылатын көрпелері өткен ғасырға тиесілі секілді", - дейді Кристина Ерошина.

Ауруханаға қатысты сыннан кейін БАҚ өкілдері медицина ұйымына шақырылып, оларға аталған жағдай бойынша түсініктеме берілді. Бас дәрігер-инфекционисттің айтуынша, соңғы аптада қызылша ауруы облыста өршіп тұр. Дәрігерлер бар күштерін науқастарды емдеп, облыстағы жағдайды тұрақтауға жұмсауда.

Атырау инфекциялық ауруханасы
Атырау инфекциялық ауруханасының бас дәрігер-инфекионисі: KAZ.NUR.KZ

"Науқастардың 90 пайызы - 14 жасқа толмаған жасөспірімдер. Олардың барлығы да - қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Қызылша және маусымдық тұмау ауруларының көбеюіне байланысты ауруханада жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмады. Қазіргі кезде бос бөлімшелерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тазалыққа келетін болсақ, палаталарда тазалық жұмыстары санитарлық талапқа сай жүргізіледі", - дейді дәрігер- инфекционист Рустам Қайыржанов.

Медициналық орталық мамандарының айтуынша, аурухана 2016 жылы пайдалануға берілген. Содан бері ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілмеген. Онымен қоса науқастар да тазалыққа салғырт қарайтынын алға тартады.

"Төсек орындарға химиялық дезинфекция жасалады. Салдарынан олардың түсі өңіп кетіп жатады. Науқастардың арасында да төсекке тамақ төгіп, айналасын ластап, тіпті жапқышты жыртып кететін жайттар жиі кездеседі", - дейді аурухана басшылығы.

Алайда "палаталардың тазалығын көріп шығайық" деген БАҚ өкілдерінің ұсынысын аурухана басшылығы қабыл алмады. Тек ғимарат кіреберісінде тілшілердің сұрағына жауап берумен шектелді.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055853-korpesi-otken-gasyrga-tiesili-sekildi-atyrau-turgyny-zuqpaly-aurular-auruxanasyndagy-palata-tazalygyna-sagymdandy/

pixel