Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдан 252 км жерде жер сілкінді

Опубликовано:

Сейсмография
Сейсмография. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдан 252 км жерде тағы да жер сілкінді. Бұл туралы Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының ресми сайтында хабарланды.

Ұлттық орталықтың мәліметінше, 23 қаңтарда сағат 18:09-да "ҚР ТЖМ "Сейсмология институты" ЖШС сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеген.

Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 252 км жерде Қытай аумағында орналасқан.

Жер асты дүмпуінің магнитудасы - 5.4. Жер сілкінісі Қазақстан аумағында сезілмеген.

Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы жер сілкіністері

Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу және Қарағанды облыстарында жер сілкінісі сезілді.

Жерасты дүмпулері әсіресе Алматы тұрғындарына қатты сезілді. ТЖД ақпаратынша, Алматыда 5 балдық жер сілкінісі тіркелген. Алматының кей аудандарының тұрғындары жер сілкінісі кем дегенде 5 минутқа созылғанын жеткізді.

Жер сілкінісінің қайталануынан қорыққан Алматы тұрғындары жаппай көшеге шықты.

Бүгінгі таңда Алматы облысында тағы бір жер сілкінісі тіркелді – Алматыда жер сілкінісі 2-3 балл шамасында сезілді. Кейінірек алматылықтар тағы да жерасты дүмпулерін сезінді.

23 қаңтарда сағат 15:07-де Алматыда тағы да 2 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Сондай-ақ Алматыда түнде болған жер сілкінісінен 8 адам зардап шеккені белгілі болған еді. Кейін олардың саны 44-ке жеткені хабарланды.

23 қаңтар сағат 17:00-дегі ақпарат бойынша Алматы ауруханаларына 67 адам медициналық көмекке жүгінген. Оның 55-сі ересек, 12-сі бала.

Бұдан бөлек желіде Алматыда жер сілкінісі кезінде қаланың биіктен түсірілген видеосы, сонымен қатар Алматыдағы супермаркетте түсірілген видео жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057126-almatydan-252-km-zerde-zer-silkindi/

pixel