Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балшыққа батып жүрміз": Атырау облысындағы ауылға қашан асфальт төселеді

Опубликовано:

Жарсуат ауылындағы батпақ
Жарсуат ауылындағы батпақ. Фото: Ауыл тұрғындарынан

Атырау облысы Индер ауданының Жарсуат ауылының тұрғындары батпаққа батып отыр. Ауылдың шетінде тұрған көшеге көлік тұрмақ, жаяу адамның аяқ алып жүруі қиын, дейді тұрғындар KAZ.NUR.KZ тілшісіне.

Атырауда қыс басқа өңірлерге қарағанда жылы өтеді. Салдарынан қала сыртында, ауылда тұратындар лай кешіп, жолдың азабын тартуға мәжбүр. Солардың бірі Индер ауданы, Жарсуат ауылының Қ. Жәңгіров көшесінің тұрғындары, олар жылдың төрт мезгілінде де балшықтан көз ашпайтынын айтып, мұңын шақты.

700 метрге созылған көшеде 28 үй бар. Жаңбыр не қар жауса, айнала ми батпаққа айналады екен. Ақ көйлек киіп сабаққа баратын оқушыларға бұл нағыз азап, дейді жарсуаттықтар.

"Біздің көше ауылдың сыртын айналып жатқан елді мекен. Бұл көшенің бой түзегеніне біршама уақыт болса да, көшеде асфальт жоқ. Қар немесе жаңбыр жауса, нағыз азапты тартамыз. Бәрінен де мектепке баратын оқушыларға қиын. Резеңке етік кигеннің өзінде балшық төменге тартып, аяқты әрең алып жүресің. Балалар таңда әлі жарық түспеген уақытта сабаққа шығады. Осы уақытта өріп жүретін бұралқы ит алдынан шыға келе ме деп те қорқамыз", - дейді Қ. Жәңгіров көшесінің тұрғыны.

Жарсуат ауылындағы батпақ
Жарсуат ауылындағы батпақ. Фото: Ауыл тұрғындарынан

Көше тұрғындары мұндай өмірден әбден шаршағанын жеткізді. Олардың сөзінше, баратын жеріне жету үшін тек резеңке етікпен жүреді, әйтпесе былай етік шақ келмейтін көрінеді. Балалар мектепке әрең барып келсе, бос уақытында далада ойнаудың орнына, үйде отыруға тура келеді. Өйткені есік алдына шыға сала ми батпаққа тап болады. Доп тебу түгіл, аяқ алып жүру мүмкін емес екенін айтады тұрғындар.

"Көшедегі жарық жиі сөнеді. Ал, батпақ күндері көшеге ешқандай техника кіре алмады. Жарық апталап болмайтын кездер бар. Ең қиыны, тұрғындар сырқаттанып қалса, мұнда жедел-жәрдем жете алмайды. Жолдың мәселесін көтеріп, әкімдіктің талай табалдырығын тоздырдық. Алайда талабымыз құрғақ уәде күйінде қалуда", - дейді ашынған халық.

Индер ауданы әкімдігінің өкілдері биыл Жарсуат ауылы бойынша 3,2 км автомобиль жолдары және жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салынатынын алға тартты.

"Биылғы жылы Жарсуат аулында 5 көшені асфальттау жоспарда бар. Оның ішінде Қ. Жәңгіров көшесіне де жол салынады. Қазіргі уақытта құжаттар сараптамадан өтуде. Жұмыстр наурыз айында басталады. Одан бөлек Индер ауданы, Индербор кентінің 30 шақты көшесіне жол салынады деп күтілуде", - деп жауап берді Индер ауданы әкімінің кеңесшісі Әли Жайшылық.

Авторы: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057342-balsyqqa-batyp-zurmiz-atyrau-oblysyndagy-auylga-qasan-asfalt-toseledi/

pixel