Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде бүгін 50 мыңға жуық оқушы сабаққа бармаған

Жарияланған күні:

Сынып
Сабаққа келген оқушылар. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе мектептерінің бірінші ауысымында оқитын 60 мыңға жуық оқушының 80 пайыздан астамы бүгін сабаққа келмей қалды. Оған себеп желіде тараған үрейлі хабарлама, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қаладағы 119 мектепің бірінші ауысымында оқитын 8558 оқушы ғана мектепке барған.

Осыған дейін қылмыс жасалады деп болжанған күнге қатысты ақпараттың шындыққа жанаспайтыны айтылды. Десе де тұрғындар арасындағы қауіп сейілмегендіктен оқушылардың дені сабаққа келмей қалды.

№ 64 мектептің директоры жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Мектебімізге бүгін 260 баладан 80 бала келіп отыр. Кешегі жағдайдан кейін ата-аналар қорыққан шығар. Негізі біз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ата-аналарға облыс әкімі, полиция бастығы мен білім басқармасы басшысының видеохабарламаларын жібердік. Сонымен бірге облыстық полиция басқармасының хабарлама таратқан адамның анықталғаны туралы ақпаратын да бердік. Екінші ауысым оқушыларының ата-аналарына да түсіндіру жүріп жатыр. Ал оқушыларға қосымша тапсырмалар жіберіліп, сабақ кестесі бойынша өтті. Барлығы 100-ге жуық камера бар. Әр сәтті бақылап отырамыз", - дейді №64 орта мектеп директоры Латып Әліби.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша Ақтөбе қаласында 119 мектеп бар. Оның ішінде 87-сі мемлекеттік. 26 қаңтар күні бірінші ауысымда оқитын 57924 баланың 80 пайызы сабаққа келмеген.

әкесі мен қызы
Оқушы қыз әкесімен бірге. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Облыстық полиция департаменті жағдайдың тұрақты екенін айтып, ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады.

"Ақтөбе қаласында жағдай тұрақты, алаңдаушылыққа негіз жоқ. Жалпы білім беру мекемелері штаттық режимде жұмыс жасауда, олардың қауіпсіздігін полиция жасақтары қамтамасыз етуде. Оқу орындарында, оның ішінде бейнебақылау жүйесі арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жасақтар білім беру ұйымдарына барынша жақын. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуді және тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз", - деді Ақтөбе облысы ПД-нің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, Telegram желісіндегі арналардың бірінде Ақтөбе мектептерінде қылмыс жасалатыны туралы ақпарат тараған. Кейін облыстық полиция жазба авторлары іздестіріліп жатқанын, тергеу басталғанын мәлімдеді. Елдің үрейін ұшырған ақпараттан соң Оқу-ағарту министрлігі өкілдері оқушылар мен ата-аналарды сабырға шақырды. Ведомство өкілі балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Одан бөлек, облысы әкімі Асхат Шахаров та қаладағы бірқатар мектепті (№21, 27, 32 мектеп) аралап, үрейге бой алдыруға ешқандай себеп жоқ екенін атап өтті.

Осыдан соң мектептерде қауіпсіздік күшейтілді.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057701-aqtobede-bugin-50-mynga-zuyq-oqusy-sabaqqa-barmagan/