Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық зейнеткер кіндік қаны тамған жерде кесек кірпіштен киіз үй тұрғызды (фото)

Опубликовано:

Киіз үй тәріздес үй
Киіз үй тәріздес үй. Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысы Жалағаш кентіндегі киіз үй тәрізді етіп салынған ерекше баспана әлеуметтік желіде ел назарына ілікті. Үй иесі Асылбек Алғашев оны туған жерінде қарашаңырақ болсын деп тұрғызған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жасы 70-тен асқан Асылбек Алғашев 49 жылдан бері Алматы облысында тұрса да, кіндік қаны тамған жерге ерекше үй салған. Зейнеткер осындай үй тұрғызуының себебін түсіндіруді әріден бастады.

Асылбек Алғашев
Асылбек Алғашев оң жақта. Фото: жеке мұрағатынан

"Атамыз Еспембет кезінде қолөнермен айналысқан, ағаш өңдеуден, киіз үй жабдықтарын жасаудан алдына жан салмаған кісі болған екен. Сол кісінің үлкен баласы, яғни, менің әкемнің ағасы Аяп деген кісі де киіз үйдің бөліктеріне қажетті ағаш өңдейтін. Бала кезімізде сол кісіге көмектесетінбіз. Біздің тұрған ауылда сыр ағашы деген бар. Кішкентай кезімізде көлдің, дарияның жағасында өсетін ағашқа ертіп апарып, керегелерге қандай ағаш керек екенін таңдап, кескізіп, соны арбаға салып әкеліп, майыстырып, кептіріп, сырлауды үйреткен. Бәрі көз алдымызда. Көзі тірі кезінде ағам бауырларына бір-бір киіз үй салып берген. Менің әкеме соғып берген киіз үй де біздің есіктің алдында көп жыл тұрды. Заман өзгергеннен кейін, анам дүниеден өткеннен кейін киіз үй құрылмай қалды. Бірақ соның ізі қалды. Біріншіден, ата-анама ескерткіш болсын деп киіз үй тұрғыздым", - дейді үй иесі.

киіз үйдің іші
Киіз үйдің іші. Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Екіншіден, бұл үйде Асылбек Алғашевтың кіндік қаны тамыпты.

"Шынымды айтсам, анам мені жаз айында сол киіз үйдің ішінде босанған екен. Менің кіндік қаным тамған жер", - дейді ол.

Зейнеткердің айтуынша, қазір ауылдағы үйде кенже қарындасы тұрады.

"Мен елге жиі барамын, туған-туыс бар. Барғанда қарындасымның үйіне түсем. Қарындасым, әрине, бар жақсысын, дәмдісін алдыма қояды. "Айналайын, ағам келді" деп қуанып отырады. Бірақ қазақта "қыздың үйі" деген түсінік бар. Оның өз бала-шағасы бар, отбасы бар. Қанша дегенмен тартынып отырасың. Осы үшінші себеп - қарашаңырақ болсын, барғанда емін-еркін жүрейік деген ниетпен салдық", - дейді ол.

Ал ең негізгі себебі, үй иесінің айтуынша, анасы соңғы уақытты жиі түсіне енетін болған.

Асылбек Алғашевтың ата-анасы
Асылбек Алғашевтың ата-анасының портреті. Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Анам 85 жыл өмір сүрді. 80-ге келгенде маған аманат айтқан. Қолымды ұстап тұрып, "айналайын, аманат, сен мына шаңыраққа ие бол" деді. Менің үйім бар, отбасым бар деп ем, маған "ондай әңгіме айтпа, саған аманат" деп, батырып айтты. Бұл сөзі ойымда жүрді, бірақ уақыт өте берді. Ал соңғы уақытта анам түсіме жиі кіре бастады", - дейді Асылбек Алғашев.

Зейнеткер ауылға барып, бауырларына жағдайды айтып, қарашаңырақтағы үйді жөндейік деп ұсыныс тастаған. Ешкім қарсылық білдірмеген.

құрылыс барысы
Құрылыс барысы. Фото: Асылбек Алғашевтың жеке мұрағатынан

"Сосын есіктің алдына бұрынғы киіз үйдің тұрған жеріне үй салайын деп ойладым. Қандай үй саларымды басында білмедім. Кейін ойланып, неге мен осы үйді киіз үй етіп салмаймын, осы үй қарашаңырақ болсын деген ниетпен бастап кеттім", - дейді Асылбек Алғашев.

Зейнеткердің мамандығы құрылысшы емес, алайда ауылдағы құрылыста жүрген жігіттерге жөн сілтеп, іргетасын құйғызған. Ауылдағы ағайындары да жұмыла кіріскен.

"Іргетасын құйғаннан бастап, бітіргенше туыстарымыз, жиендерім, қайын жұртым келіп, көмектесті. Сол көмекпен біткен іс болды", - дейді ол.

Үйдің қабырғасы қолдан құйылған кесек кірпіштен қаланған. Қыста газбен жылиды, суы, жарығы бар.

"Шаңырағы мен уығын темірден жасаттым. Бұрынғыдай ағаштан жасау қиын болды. Өйткені үйдің өлшемі үлкен, диаметрі 10 метр, биіктігі 7,5 метр болды", - дейді Асылбек Алғашев.

Құрылыс барысы
Құрылыс барысы. Фото: Асылбек Алғашевтың жеке мұрағатынан

Іргетасы дөңгелетіп құйылған үйге жапсарлас кіре-беріс бөлме, ас бөлмесі, жуынатын бөлме және бір шағын жатын бөлмесі қосылған. Үйдің төбесін жабу қымбатқа түсіп, біраз қиындық әкелген.

"Төбесін немен жабам деген мәселе болды. Қаңылтырмен жапсаң тарсылдап, жаңбыр жауса дыбыс шығады. Басқа материал июге келмейді. Сонымен жұмсақ жабын деген материал бар екен, ол қолмен біртіндеп жапсырылатын материал екен. Соны алдық", - дейді ол.

шаңырақ
Шаңырақ. Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Зейнеткер үйдің құрылысын жинаған ақшасына бітірген.

"Зейнетақымды жинап жүргем, ешкімнен қарыз я кредит алған жоқпын. Өз жиған-тергенім. Екі жылда салып шықтым. Асыққан себебім - 2022 жылы 70 жасқа толатын болып, соған дейін аяқтайын дедім. Бітіргеннен кейін үйге құран оқытып, ас бердім. Ең негізгісі - қалай іргетасын құйып болдым, содан бері шешем түсімде жоқ. Әруағы риза болған шығар деп ойлаймын", - дейді Асылбек Алғашев.

көрпелер
Киіз үйдің іші. Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Зейнеткер бұл үй халыққа өнеге болсын деп салған. Үйдің есігі келушілерге әрдайым ашық. Айта кетейік, Жалағаш кенті Қызылорда қаласынан 75 шақырым жерде орналасқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058259-almatylyq-zeinetker-kindik-qany-tamgan-zerde-kesek-kirpisten-kiiz-ui-turgyzdy-foto/

pixel