Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Метродағы адамдар кептелісі: алматылықтар қалада жүріп-тұру қаншалықты қиындағанын айтты

Опубликовано:

Алматы метросы
Алматы метросы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматы тұрғындары қалада жүріп-тұру күннен күнге қиындап бара жатқанын айтады. Халық санының артқаны соңғы жылдары тек көлік кептелісінен емес, метродағы адамдар кептелісінен де байқалады. Алматы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда метродағы жолаушылар ағыны күніне 100 мыңнан асады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Алматы метросындағы таңғы және кешкі қарбалас уақытындағы жолаушылар ағыны желіде жиі талқыланып жүр. Тұрғындардың айтуынша, метро әзірге Алматыдағы ең ыңғайлы көлік, себебі, қала көшелерінде көлік кептелісі мәселесі бар. Одан бөлек такси қызметі едәуір қымбаттаған. Алайда метромен жиі жүретін жолаушылардың сөзінше, қарбалас уақытта жерасты жолы да адамға лық толы.

"Пойыздарды жиілету керек, сонда мұндай кептеліс болмайды. Жүру уақытының арасы алшақтау", - дейді жолаушылардың бірі.

Кей жолаушылар метрода желдеткіштердің дұрыс жұмыс істемейтінін айтады.

"Желдеткіш жүйесін қосу керек. Қарбалас уақытта кептелістен қашқан қанша адам метромен жүреді, ауа жоқ. Өзім бір рет жедел жәрдем шақырдым. Ауа жетіспейді", - дейді алматылық зейнеткер.

Метроның лық толуы болуы, тұрғындардың пікірінше, Алматы маңындағы ауыл тұрғындарының қалада жұмыс істеуіне байланысты.

"Қала халқының саны шын мәнінде ресми саннан екі есе көп деп ойлаймын, көлік те көбейген. Бұл бірінші кезекте ауыл-аудандарда жұмыс жоқтықтың кесірі. Әкімдер облыстарды дамытуы қажет. Адамдар сонда қалаға келуге мәжбүр болмайды. Сосын әрине, такси де қымбат, бәрі қоғамдық көлікке мініп жатыр", - дейді алматылық метро жолаушысы.

Жолаушының бұл сөзіне energyprom.kz дерегі дәлел бола алады. 2023 жылы желтоқсанда Қазақстанда такси қызметі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға қымбаттаған. Ал аймақ бойынша Алматы тұрғындарына таксимен жүру қалтасына едәуір салмақ түсіруде. Бір жылда мегаполисте такси қызметі 30, 3 пайызға қымбаттаған.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің өкілі расында соңғы жылдары метроны пайдананушылар саны артқанын айтады.

"Қазіргі кезде жолаушылар ағыны күніне 100 мыңнан асады. Таңғы қарбалас уақытта сағат 06:20 мен 09:00 аралығында жолаушы саны 15 мыңнан асса, кешкі уақытта - 16:00 мен 20:00 аралығы 34 мыңға жуық жолаушы тасымалданады", - дейді Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Ал пойыздардың жүріс интервалы қарбалас уақытта 5 минут 38 секундты құрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2059115-keptelis-taksi-qymbat-almatylyqtar-qalada-zurip-turu-qansalyqty-qiyndaganyn-aitty/

pixel