Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Емдеуге 30-40 млн теңге бөлеміз": Тараз әкімінің орынбасары қаладағы ағаштар неліктен жаппай қурап жатқанын айтты

Опубликовано:

жаңадан отырғызылған талдар
Жаңадан отырғызылған талдар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Таразда жаңадан отырғызылған жасыл желек қараусыз қалып қойған. Салдарынан шаһардағы талдар жаппай қурап жатыр. Бұған қатысты қала әкімінің орынбасары түсініктеме берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мәселен, өткен жылы отырғызылған 31 мың өскіннің 5 мыңнан астамы тамыр жаймаған. Екі жыл бұрын "Жасыл белдеу" жобасы аясында 10 гектар аумаққа 12 мың түп ағаш отырғызылған. Алайда оның тең жартысынан астамы қурап қалған. Ал сол көшеттерді отырғызуға бюджеттен 15 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.

Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын қаладағы ағаштардың фитосанитарлық күтіп баптауына 30 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстарды әкімдікке қарасты ауыл шаруашылық бөлімі іске асырған. Кейіннен қаладағы жасыл желекті күтіп ұстау тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөліміне өткен. Алайда бұл мекеме бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ақша бөлуді тоқтатып тастаған. Салдарынан 2021 жылы қаланың ағаштарын құрт жеп, қурап қалды. Ал былтыр тал жапырақтарының күз болмай жатып түсуі жиі байқалды.

Биыл әкімдік жасыл желекті емдеуге ерте қамданбақшы. Фитосанитарлық емдеу шарасын Алматыдағы ботаника институты ғалымдарының көмегімен жүзеге асырмақ. Сәуір айында басталатын жұмыстар қыркүйекке дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

Қайрат Исмаил
Қайрат Исмаил, Тараз қаласы әкімінің орынбасары. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жылда егілген ағаштардың 15-17 пайызы қурап қалады. Мердігерлер қайта егеді. Биылдан қалмай емдеу шараларын жүргізуіміз қажет. Фитосанитарлық емдеу шарасына 30-40 млн теңге қаражат қарастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар үш кезеңмен жүргізілді. Ағаштарды химиялық және органикалық дәрілермен емдейміз. Бұл жұмыстарды сәуір айында бастаймыз. Бүгінде қаладағы ағаштардың саны қағаз жүзінде аз көрсеткішке ие. Нақты санын есептеуді қажет етеді", - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.

Айта кетейік, бүгінде Таразда 134 мың түп ағаш бар. Алайда бұл жеті жыл бұрынғы санақтың қорытындысы. Сондықтан биыл күзде ағаштарды емдеумен қатар арнайы дендрологиялық санақ жүргізу жоспарланған.

Авторы: Дана Мұхарбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060655-emdeuga-30-40-mln-tenge-bolemiz-taraz-akiminin-orynbasary-qaladagy-agastar-nelikten-zappai-qurap-zatqanyn-aitty/

pixel