Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Танымал адамдар ақша салып жіберді": боранда шақыртуға барған фельдшерлер облыс әкімі мен әншілерден сый-сыяпат алды

Опубликовано:

Асхат Шахаров
Фельдшерлердің марапаттау сәті. Фото: Фельдшердің жеке мұрағатынан

Ақтүтек боранда жарты жол жаяу омбылап, науқасқа медициналық көмек көрсетуге барған фельдшерлерге желіде қолдау білдіріп жатқандар көп. Әншілер мен блогерлер ақшалай сыйлығын салып жатыр. Желінің жұлдызына айналған медицина саласының қызметкерлерін облыс басшысы Асхат Шахаров та арнайы барып құттықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының жедел жәрдем қызметінің аға фельдшері Сая Рысбай қуанышты жаңалықты портал тілшісіне айтып берді.

"Кеше облыс әкімі мен аудан әкімі Хромтау аудандық ауруханасына келді. Алғыс хат және фельдшерлердің әрқайсысына 200 мың теңге ақшалай сыйлығын берді. Адал еңбек үшін сенім білдірді. Биік белестерді бағындырыңыздар деп, ізгі тілектерін айтып кетті. Сонша жерден келіп, алғысын білдіреді деп күткен жоқпыз. Қамқорлықты, қолдауды сездік. Танымал блогерлер де хабарласты. Елге жасалған қызмет үшін алғыс білдіріп, ақшалай сыйлықтарын жіберді. Әнші Ғаділбек Жаңай да салып жіберген. Әлеуметтік желіден көп алғыс хат келді. Барша халық медицина қызметкерлерінің жағдайын, жай-күйін түсінеді деп ойлаймыз. Адал жұмыс істейтін адамдар аз емес", - деді Сая Рысбай.

Хромтау аудандық ауруханасы
Хромтау аудандық ауруханасының ұжымы. Фото: Фельдшердің жеке мұрағатынан

Фельдшерлер боранды күні шақыртуға кешігіп келе жатқанын айту үшін диспетчерге түсірген видео бұлай тарап кетеді деп ойламаған.

"Боранды күнгі жұмысымыз әлеуметтік желіде тарап кетті. Ол шақыртуға кешігіп баратынымызды айтуға диспетчер үшін түсірілген еді. Алдымыз көрінбейтін боран болды. Жас болған соң қардың үстімен жүре аламыз ба деп алдыға түстім. Қардың биіктігі бойыммен бірдей. Екі метрге жетеді. Көшемен жүргенде үйлердің қақпасының үстінен қарадық. Тұрып жүру мүмкін болмады, еңбектеп қана жүрдік. Қазір қиындық жоқ. Көшеміздің бәрі ашылды. Облыс әкімінің өзі қолымыздан қысып, алғыс айтты. Мұндайды күтпедік",- деді фельдшер Қайрат Тілеу.

Еске салсақ, ақтөбелік фельдшерлер қолайсыз ауа райы кезінде науқастан түскен шақыртуға тізеден қар кешіп бара жатқан сәтін видеоға түсірген. Желіде жарияланған бейнежазба лезде тарап кетті. Жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ақтөбелік фельдшерлердің еңбегін атап, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Министр науқастың өмірі үшін түрлі қиындықты жеңіп шығуға дайын медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының әкімдігі бүгін Хромтау - Ақтөбе - Хромтау бағыты бойынша жеңіл көліктерге "Самара - Шымкент" автожолына шығуға рұқсат берілгендігін хабарлайды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2060267-tanymal-adamdar-aqsa-salyp-ziberdi-boranda-saqyrtuga-bargan-aqtobelik-feldserler-akim-men-ansilerden-syi-syyapat-aldy/

pixel