Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Прокурор Салтанат Нүкенова қаза болған күні не жағдай болғанын айтты

Жарияланған күні:

Салтанат Нүкенова
Салтанат Нүкенова. Фото: Instagram/aitym

Бүгін Астана сотында әйелін өлтірді деп күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні марқұм әйел мен Қуандық Бишімбаевтың арасында не жағдай болғанын оқып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Прокурордың айтуынша, кісі өлімі болған күні Бишімбаев пен Нүкенова концертте болған.

"Концерт кезінде Бишімбаев болмашы себеппен жанжал шығарған. Концерттің аяқталуын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жанжалдасып, Bau мейрамханасына жаяу барған", - деді прокурор

Жанжал мейрамханада да жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтып, ағасына хабарлама жазған.

Ашуланған Бишімбаев мас күйде әйелінің басынан бірнеше рет қатты соққы жасаған. Қорқып кеткен әйел VIP-залдың дәретханасына жасырынған, бұл жағдай Бишімбаевты одан ары ашуландырған. Ол есікті алдымен қолымен, кейін металл штативпен қаға бастаған.

Прокурордың айтуынша, есікті бұзып кірген Бишімбаев әйелін ұрып, қылқындырған, Нүкенова сол кезде есінен танып қалған.

"Алайда біраз уақыттан кейін Нүкенова есін жиған. Мұны көрген Бишімбаев оның басына тағы ұра бастаған, ол ұруын Нүкенованың ес-түссіз жатқанына көзі жеткен соң тоқтатқан", - деді мемлекеттік айыптаушы.

Салтанат Нүкенованың өлімі

9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің дене жарақатынан қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті екені белгілі болды.

Бишімбаевтың екінші әйелі Салтанат Нүкенова қаза тапқан болып шықты.

Сондай-ақ Салтанат Нүкенова Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің жиені екені белгілі болды.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Нүкенова қайтыс болған "Гастро-орталық" директоры да қамауға алынды. Ол қылмысты жасырды деген күдікке ілінді.

Кейін полицейлер кісі өлтіру оқиғасы болған мейрамхананың бақылау камерасының бейнежазбаларын тәркіледі. Салтанаттың туыстары Қуандық Бишімбаевтың бауырын да жауапқа тартуды талап етті.

Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ал ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жас келіншек нақты қашан қайтыс болғаны медициналық сараптама қорытындысынан кейін анықталатынын айтты.

Желтоқсан айының аяғында бұл іс туралы Қуандық Бишімбаевтың әкесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Уәлихан Бишімбаев айтты.

"Ұлым өз ісіне сәйкес әділ жазасын алуы керек. Мен әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Мен биліктен көмек сұрап барған емеспін және бармаймын да", - деді ол.

Кейін Қуандық Бишімбаеваның бұрынғы әйелі Назым пікір білдірді.

Зардап шеккен тараптың адвокаттары Салтанаттың туыстарының сөзіне сілтеме жасап, тараптар татуласуы мүмкін емес деп мәлімдеді.

Бұған дейін марқұмның ағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ашық өтуін талап етіп отырғанын, өйткені марқұмның отбасы Бишімбаевтар отбасының сот процесіне ықпалынан қауіптенетінін айтқан.

Қаңтар айының басында Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.

ІІМ тергеу қандай баптар бойынша жүргізілгенін де атады: бұрынғы ұлттық экономика министрі екі бап бойынша, кісі өлтіру және азаптау, ал бауыры қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.

Бишімбаев ісі бойынша алдын ала сот отырысы 11 наурызға тағайындалды.

11 наурызда атышулы іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды.

Сот тыңдауында Бишімбаев кінәсін мойындамайтынын айтты. Сондай-ақ ол алқабилерге жүгінгісі келетінін жеткізді.

Алдын ала тыңдау барысында прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні марқұм әйел мен Қуандық Бишімбаевтың арасында не жағдай болғанын оқып берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066274-prokuror-saltanat-nukenova-oltirilgen-kuni-ne-zagdai-bolganyn-aitty/