Салтанат Нүкенованың ағасы бірінші сот отырысынан кейін мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Айтбек Амангелді Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдаудан кейін сот процесін айтып, Instagram желісінде видео жариялады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Айтбек Амангелді сотқа дейін жауап бере алмаған сұрақтар болғанын атап өтті.
"Менің түсінуімше, бәрінде көп сұрақ туындаған, оның ішінде бұрын айта алмаған, тіпті айтқымыз келмеген тұстар бар. "Салтанат неге кетіп қалмаған?", "Неге ол кетіп қалып, қазанда оралған?" деген сұрақтар өте жиі қойылды.
Бұл мен үшін де үлкен сұрақ болды. Мен оның жауабын кісі өлімі болғаннан кейін, Бишімбаев түсіріп алған видео туралы білген кезде таптым. Ол жайында айтқымыз келмеді, өйткені бұл ең алдымен жақындарымызға, туған-туыс, ата-анамызға ауыр тиеді.
Сондықтан біз осы сәтті және басқа да көптеген жайтты жұртшылыққа жеткізбеуге тырыстық. Десе де, әдеп, ар-ұят, мораль нормалары бар. Мені ең алдымен отбасыма деген сүйіспеншілік және оларға деген қамқорлық шектейді", - деді Нүкенованың ағасы.
Бұл тұста әңгіме кеше сот отырысында прокурор айтқан бейнежазба туралы болып отыр.
"2023 жылдың сәуірінде Бишімбаев Нүкенованың туыстарында ұрып-соққаннан бет-әлпеті көгерген суреті бар екенін біліп, егер ажырасатын болса, оны осы суреттермен бопсалауы мүмкін деп болжап, Нүкеновадан жалаңаш кейпін көрсететін интим видео түсіруін талап еткен. Ол бұл оның кепілі болатынын айтқан.
Ал Бишімбаевтың әрекетінен үнемі қорқып жүрген Нүкенова еркінен тыс осы талапты орындап, соңғысына оны киімсіз түсіруге рұқсат беруге мәжбүр болған", - деп мәлімдеді мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, кеше, 11 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталған. Журналистер отырысты басқа бөлмедегі теледидар арқылы көруге мәжбүр болған.
Алдын ала сот тыңдауында сотталушының адвокаттары мәлімдеме жасады. Сот тыңдауында Бишімбаев кінәсін мойындамайтынын айтты. Сондай-ақ ол алқабилерге жүгінгісі келетінін жеткізді.
Алдын ала тыңдау барысында прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні марқұм әйел мен Қуандық Бишімбаевтың арасында не жағдай болғанын оқып берді. Бұл істе екінші айыпталушы да бар. Оған қандай айыптар тағылып отырғанын да жазған едік. Кейін сот тыңдауында 12 наурыздағы сағат 17:00-ге дейін үзіліс жарияланды.
Салтанат Нүкенованың өлімі
9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің дене жарақатынан қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті екені белгілі болды.
Бишімбаевтың екінші әйелі Салтанат Нүкенова қаза тапқан болып шықты.
Сондай-ақ Салтанат Нүкенова Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің жиені екені белгілі болды.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Нүкенова қайтыс болған "Гастро-орталық" директоры да қамауға алынды. Ол қылмысты жасырды деген күдікке ілінді.
Кейін полицейлер кісі өлтіру оқиғасы болған мейрамхананың бақылау камерасының бейнежазбаларын тәркіледі. Салтанаттың туыстары Қуандық Бишімбаевтың бауырын да жауапқа тартуды талап етті.
Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Ал ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жас келіншек нақты қашан қайтыс болғаны медициналық сараптама қорытындысынан кейін анықталатынын айтты.
Желтоқсан айының аяғында бұл іс туралы Қуандық Бишімбаевтың әкесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Уәлихан Бишімбаев айтты.
"Ұлым өз ісіне сәйкес әділ жазасын алуы керек. Мен әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Мен биліктен көмек сұрап барған емеспін және бармаймын да", - деді ол.
Кейін Қуандық Бишімбаеваның бұрынғы әйелі Назым пікір білдірді.
Зардап шеккен тараптың адвокаттары Салтанаттың туыстарының сөзіне сілтеме жасап, тараптар татуласуы мүмкін емес деп мәлімдеді.
Бұған дейін марқұмның ағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ашық өтуін талап етіп отырғанын, өйткені марқұмның отбасы Бишімбаевтар отбасының сот процесіне ықпалынан қауіптенетінін айтқан.
Қаңтар айының басында Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.
ІІМ тергеу қандай баптар бойынша жүргізілгенін де атады: бұрынғы ұлттық экономика министрі екі бап бойынша, кісі өлтіру және азаптау, ал бауыры қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066622-saltanat-nukenovanyn-agasy-birinsi-sot-otyrysynan-keiin-malimdeme-zasady/