Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қалталы адамдар әлі де қызықпайды": тазы жанашырлары мемлекеттің қолдауына мұқтаж (фото)

Опубликовано:

Тазылар көрмесіне қатысушы
Жасұлан Жақсылықов. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде тазылар көрмесі өтті. Көрмеге қатысқан 100-ге жуық тазыны кәсіби сарапшылар бағалады. Олар жеті қазынаның бірі саналатын тазы мен төбетті халықаралық деңгейде дәріптеу керегін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық құмай тазы федерациясының вице-президенті, "Асыл қазына" республикалық тазыны асылдандыру ұйымы Ақтөбе филиалының президенті Жасұлан Жақсылықовтың айтуынша, Ақтөбеде 500-ден астам тазы бар. Көрменің негізгі мақсаты – тазыларға құжат беру.

Ит
Тазы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бүгін облыс бойынша 100-ге тарта тазы жиналды. Шалғай аудандардан да келді. Көрмеде оларды сарапшылар сынап жатыр, сол арқылы құжаты беріледі. Тазы – қазақтың құндылығы. Қазақта ұлттық құндылықты ақшамен бағаламайды. Тазының күшігіне құлынды бие, бір жабағы атайтындар болған. Тазы өсірушілердің арасында Қытайдан келген қазақтар бар. Сол кісілердің бағалауынша, бір тазыға үйір жылқыға дейін берген. Қалталы адамдар әлі де тазыға қызықпайды. Сол деңгейге көтергіміз келеді. Тазы жанашырларының жасы да әртүрлі. Жас тазы жанашырлары бар. Өскелең ұрпақтың арасында қызығушылық жоғары. Мектеп оқушылары өте көп. Олар тазыны бізден артық танитын дәрежеге жеткен", - дейді Жасұлан Жақсылықов.

тазы
Тазы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Облыстық құмай тазы федерациясының вице президенті өнердің бұл түріне мемлекет тарапынан қолдау қажет деген мәселені көтерді.

"Заң күшейген сайын тазының да жағдайы қиын. Тазыны байлап қоймаймыз. Кейде біреудің ауласына кіріп, тауығын, қозысын қууы мүмкін. Бізге қора керек. Үкімет қаржыландырса, жағдайы жақсы болар еді. Жүлдесі ауқымды жарыс өткізу керек. Осы уақытқа дейін өзіміз ақша жинап өткізіп жүрміз. Қолда бағылған қасқырға салып тексереміз. Қасқырды қолда ұстайтындар да бар. Мақсатымыз – тазы тұқымын асылдандыру, жүйрік шығару. Басты проблема – қанның бұзылуы. Тазыны асылдандырайын, қанын тазартайын деп ешкім айналыспаған. Көпшілігі аң аулау мақсатында ұстаған. Аңшы иттің түрлі тұқымы бар. Сол қандар араласып кеткен. Асыраушысы қан тазалығы емес, аң ауласа жүйрік болса болды деп бір-біріне қоса береді. Содан қан араласып кетеді. Жарыс, көрме ұйымдастырып, таза тазыны, оның жүйрігін анықтауға күш саламыз", - деді Жасұлан Жақсылықов.

Тазылар көрмесі
Тазылар көрмесіне келген иттер. Фото: KAZ.NUR.KZ

Айтуынша, тазы әрі кеткенде 7-8, 10 жыл өмір сүреді. Тазының қандай аңға салынғанына да байланысты. Қасқырға таланған болса ұзақ өмір сүре алмайды дейді тазы жанашырлары.

Қазақы тазы өсірушілердің бірі Думан Ысқақов мұнымен он жылдан бері кәсіби түрде айналысып жүр.

Тазы жанашыры
Думан Ысқақов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Қазақы құмай тазыларды жүгіртемін. Атпен дәстүрлі аңшылық жасаймын. Атадан қалған дәстүр. Қазақтың шашаққұлақ тазысын баптап отырмын. Қазір екі тазым бар. Ауылда бала кезде тазы жүгіртіп өстік. Тазы аңды өзі үшін емес, иесі үшін алатындай үйрету керек. Тазының із кесуінің өзіне бөлек мән беріледі. Жүйріктігі, жүректілігіне бөлек жұмыс. Арлан есімді тазым – әмбебап. Жүйрік қоянды да, жыртқыш қасқырды да алды. Қайратты. Бабында ұстау үшін шикі ет беремін. Ал аңшылық маусым ашылған кезде сорпа секілді жеңіл тамақтар береміз", - дейді Думан Ысқақов.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2066685-qaltaly-adamdar-ali-de-tazyga-qyzyqpaidy-tazy-zanasyrlary-memlekettin-qoldauyna-muqtaz-foto/

pixel