Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаевтың ісі алқабилер сотында қаралады

Жарияланған күні:

Сот залынан
Сот залынан. Фото: Соттың баспасөз қызметі

11 наурызда Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Сот Бишімбаевтың алқабилер қатысумен сот өткізу туралы өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайтын болды.

"Сот сотталушы Бишімбаевтың істі алқабилер сотында қарау туралы өтінішін қанағаттандыру қажет деп санайды", - деді судья.

Салтанат Нүкенованың өлімі

2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің дене жарақатынан қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болды. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті екені белгілі болды.

Бишімбаевтың екінші әйелі Салтанат Нүкенова қаза тапқан болып шықты. Сондай-ақ Салтанат Нүкенова Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің жиені екені белгілі болды.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Нүкенова қайтыс болған "Гастро-орталық" директоры да қамауға алынды. Ол қылмысты жасырды деген күдікке ілінді. Кейін полицейлер кісі өлтіру оқиғасы болған мейрамхананың бақылау камерасының бейнежазбаларын тәркіледі. Салтанаттың туыстары Қуандық Бишімбаевтың бауырын да жауапқа тартуды талап етті.

Қайғылы оқиға жайында президент Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Нүкенованың өліміне қатысты істі ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

Ал ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев жас келіншек нақты қашан қайтыс болғаны медициналық сараптама қорытындысынан кейін анықталатынын айтты. Желтоқсан айының аяғында бұл іс туралы Қуандық Бишімбаевтың әкесі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Уәлихан Бишімбаев айтты.

"Ұлым өз ісіне сәйкес әділ жазасын алуы керек. Мен әке ретінде ұлым үшін қатты уайымдаймын, бірақ оны ақтамаймын. Мен биліктен көмек сұрап барған емеспін және бармаймын да", - деді ол.

Кейін Қуандық Бишімбаеваның бұрынғы әйелі Назым пікір білдірді. Зардап шеккен тараптың адвокаттары Салтанаттың туыстарының сөзіне сілтеме жасап, тараптар татуласуы мүмкін емес деп мәлімдеді.

Бұған дейін марқұмның ағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот ашық өтуін талап етіп отырғанын, өйткені марқұмның отбасы Бишімбаевтар отбасының сот процесіне ықпалынан қауіптенетінін айтқан.

Қаңтар айының басында Бишімбаев ісі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды. ІІМ тергеу қандай баптар бойынша жүргізілгенін де атады: бұрынғы ұлттық экономика министрі екі бап бойынша, кісі өлтіру және азаптау, ал бауыры қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.

Бишімбаев ісі бойынша алдын ала сот отырысы 11 наурызға тағайындалды.

11 наурызда атышулы іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сот залына журналистерді кіргізбеді, баспасөз өкілдері сот отырысын көрші бөлмеден теледидар арқылы бақылап отырды. Сот тыңдауында Бишімбаев кінәсін мойындамайтынын айтты. Сондай-ақ ол алқабилерге жүгінгісі келетінін жеткізді.

Алдын ала тыңдау барысында прокурор Салтанат Нүкенова өлтірілген күні марқұм әйел мен Қуандық Бишімбаевтың арасында не жағдай болғанын оқып берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2067153-bisimbaevtyn-isi-alqabiler-sotynda-qaralatyn-boldy/