Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өлі дейін десем, бейіті жоқ": Павлодар облысында кенішке құлаған автобуста қалған 2 адамның туыстары Астанаға келді

Опубликовано:

"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны
"Майқайыңалтын" АҚ-ға қарасты кен орны. Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайың" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Арада үш ай өтсе де, кенішке құлаған автобус ішіндегі төрт адамның екеуі әлі табылмады, деп хабарлайды КТК арнасы.

КТК арнасының мәліметінше, екі адамның туыстары көмек сұрап Астанаға келді. Апаттың болғанына үш айға жуықтаса да, құтқарушы мен автобус жүргізушісі әлі табылған жоқ. Ал іздеу жұмыстары тоқтап тұр. Марқұмның жақындары құтқару жұмыстарын жалғастыруды талап етті. Павлодар облысының әкімдігі мен жергілікті прокуратурадан күдер үзген олар енді жағдайға президенттің араласуын сұрап отыр.

Арна мәліметіне сүйенсек, құтқарушы Айдос Шәймерденнің әйелі Астанаға шиеттей бала-шағасын ертіп келген. "Асыраушымнан айырылдым. Бес баламды енді кім асырайды? Жұбайымның мәйітін тауып берсе, ғұрыпқа сай жерлейік" деп көз жасын тыя алар емес. Павлодарда іздеу жұмыстарын жалғастыруды сұрап, әкімдік пен прокуратураның табалдырығын тоздырған Нұрсұлу еш шара қалмаған соң, үкіметтен, бас прокуратурадан көмек сұрап отыр. 

"Бізді еститін пенде жоқ. Кішкентай балаларымды алып Астананың төріне келіп отырмын. Алып берсе екен, шығарып берсе екен деймін. Тірі емес екеніне көндік қой. Тірі дейін десем, үйде жоқ. Өлі дейін десем, бейіті жоқ", – дейді құтқарушының әйелі Нұрсұлу Шәймерден.

Арна мәліметіне сүйенсек, топырақ астында қалған екі адам әлі күнге дейін апаттан құтқару қызметінің жұмысшылары ретінде есептеліп, оларға ай сайын жалақы төленіп отыр екен. Мәйіт табылмағандықтан, қайтыс болғаны туралы куәлік те жоқ. Сол себепті екі отбасыға өтемақы төленбеген. Асыраушысынан айырылған отбасы ретінде жәрдемақы да ала алмайды.

Ал автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің жақындары істің созылып кеткеніне наразы.

"Төрт кісінің өліміне комбинат жауап бергісі келмей, ағамыздың жұмыс орны, құтқарушылармен соттасайын деп жатыр, соларды кінәлі қылғысы келіп жатыр. Жер солардікі, ойылып кеткен жер солардың қателігінен, салғырттығынан болды, оны мойындағысы келіп тұрған жоқ. "Біздің кінәміз жоқ" дейді", – деді автобус жүргізушісінің туысы Амангелді Тілеубергенов.

Арна мәліметіне сүйенсек, іздеу жұмыстары қашан жанданатынын төтенше жағдайлар министрлігі де айта алмады. Қазба жұмысының тоқтағанына бір ай өтсе де, сараптама жасалмаған.

"Екі жақ сараптама жүргізіп, құтқарушылар үшін қазба жұмыстары қаншалықты қауіпсіз екеніне шешім қабылдауы тиіс. Сарапшылар қауіп жоқ деп шешсе, әрине, іздеу жұмыстары қайта жанданады", – дейді төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Арна мәліметіне сүйенсек, индустрия министрі кен орнында өндірістік қауіпсіздікке қаржы аз бөлінетінін мойындады.

"Бұл жағдайды Павлодар әкімімен талқыладық, инвесторға қатысты нақты шешімдер қабылдаймыз. Бұған дейін істегеніміздей, акционермен тікелей диалог құрмақпыз. Ол кеніштегі өндірістік қауіпсіздік пен кен орнын игеруді өз мойнына алады немесе нақты осы инвестордың жер қойнауын пайдалану құқығы мәселесін қайта қарайтын боламыз. Бір шешімге келеміз", – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қанат Шарлапаев.

"Майқайыңалтын" кенішіндегі төтенше жағдай

Павлодар облысында 4 қаңтарға қараған түні "Майқайыңалтын" кеніші шахтасының жанында автобус карьерге құлап кетіп, екі адам қаза тапқан еді. Автобуста 4 адам болған. Олар - "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының" Павлодар филиалының 3 қызметкері мен автобус жүргізушісі.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағындағы топтық апатты тексеру комиссиясы 4 қаңтар мен 24 қаңтар аралығында жүргізген арнайы тексерудің қорытындысын жариялады.

29 қаңтарда Павлодар облысының әкімі іздестіру жұмыстарының нәтижесінде автобус дөңгелегі табылғанын хабарлады. Бірнеше күннен кейін опырылған жерден құтқарушының дулығасы мен қол радиосы табылды. 5 ақпанда опырылған жерде жұмыс тоқтатылды. Төтенше жағдайлар департаменті оқпанға құлаған автобусты іздестіру орнында опырылып қалу қаупі тым жоғары екенін мәлімдеді.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Майқайыңалтын" АҚ-да құлаған автобусты құтқару үшін халықаралық құтқарушыларды тартудың қажеті жоқ екенін айтты.

5 ақпанда автобус құлаған жердегі жұмыс тоқтатылды. ТЖД шахтаға құлаған автобусты іздеу орнында құлау қаупі тым жоғары деп мәлімдеді.

7 ақпанда іздеу жұмыстары қайта жанданды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің жаңа басшысы "Майқайыңалтын" кәсіпорнындағы жұмыс барысына тоқталып, оқиғаның себебін комиссия анықтағанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2077808-oli-deiin-desem-beiiti-zoq-pavlodar-oblysynda-keniske-qulagan-avtobusta-qalgan-2-adamnyn-tuystary-astanaga-keldi/

pixel