Нүкенованың өлімі: Бишімбаевқа ішімдік пен есірткіге сараптама оқиғадан бір аптадан кейін жасалған
Жарияланған күні:
Читать на русскомБишімбаевтың ісі бойынша сотта оның қаны мен зәріндегі алкоголь мен есірткінің бар-жоғына жасалған сараптама қорытындысы оқылды. Сараптамаға қаулы тек 16 қарашада шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова іс материалдарын зерделеу барысында істе 2023 жылғы 16 қарашадағы химиялық-токсикологиялық сараптама тағайындау туралы қаулылар барын, онда Бишімбаевтың қаны мен зәрі алынғанын хабарлады. Қорытынды 2023 жылғы 27 қарашада шығарылған.
Айта кетейік, Салтанат Нүкенованың қаза болғаны 9 қарашада мәлім болды, Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы ақпарат та сол күні тараған болатын.
Ерлі-зайыптылардың 9 қарашаға қараған түні ішімдік ішкенін сот процесінде сотталушының өзі де айтқан болатын.
Бұл ретте Бишімбаеваның адвокаты сараптама қорытындысын оқып беруді сұрады.
"Азамат Бишімбаевтың зәрі мен қанына жүргізілген химиялық-токсикологиялық сараптаманың қорытындысы бойынша, зерттеу барысында көрсетілген объектілерде алкоголь, есірткі бар ма, бар болса, қандай мөлшерде деген сұраққа жауап осы жерде көрсетілген. Мұнда ұсынылған заттардан этил спирті анықталмағаны көрсетілген", - деді прокурор.
Еске салсақ, Астанада Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысының жалғасы өтіп жатыр. Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат соққыға жығылған сәттің монтаждалған видеосын көрсетті.
Сот отырысы Жоғарғы соттың YouTube-каналында онлайн көрсетілуде.
Осыған дейін болған сот отырыстарының бірінде алқабилердің бет-жүзі көрсетілген сурет БАҚ-та тарап кеткені белгілі болды. Тыйым талаптарының бұзылғанына байланысты судья БАҚ өкілдерін сот залынан шығаруды бұйырды.
Сотта марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысына жазған хаттары оқылды. Онда Салтанат күйеуі Бишімбаевтан кеткен жағдайда не болатыны туралы жазған.
Сондай-ақ Нүкенованың көмекшісінен жауап алынды. Анар Тасова марқұмның астрологиядан табысы қандай болғанын айтты.
Бұған қоса, Сотта адвокаттар Нүкенова қайтыс болған жерде түсірілген фотосуреттерді көрсетті.
Айта кетейік, 27 наурызда Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы басталған болатын.
Содан бері бірнеше рет өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2082575-nukenovanyn-olimi-bisimbaevqa-isimdik-pen-esirtkige-saraptama-oqigadan-bir-aptadan-keiin-zasalgan/