Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәртіптік шара қолданылды": ҚМДБ Бишімбаев пен Нүкенованың некесіне қатысты мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Салтанат Нүкенова
Салтанат Нүкенова. Фото: Instagram/aitym

2022 жылғы 17 қазанда Астанадағы Республикалық бас мешітте экс-министр Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың некесі қиылған. Бірақ олар ҚМДБ өкілдерінің мәліметінше, некенің АХАТ бөлімінде тіркелгенін растайтын куәлік ұсынбаған. Осыған байланысты Діни басқарма Республикалық бас мешіт имамы Қанат Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды басқарманың баспасөз хатшысына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлы Facebook желісіндегі жеке парақшасында жариялаған жазбасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысына сәйкес ҚМДБ-ның ресми діни қызметкерлері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында жұмыс істейтінін атап өткен.

Оның жазуынша, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 2-бабының 3-тармағында тек мемлекеттік органдар қиған неке (ерлі-зайыптылық) ғана мойындалатыны белгіленген.

"Осыған орай ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібінің тиісті талабына сәйкес мешіт қызметкерлері неке қию рәсімі алдында болашақ ерлі-зайыптылардан Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті талап етеді.

2022 жылдың 17 қазанында Астана қаласындағы Республикалық бас мешітте Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың өз өтініштері бойынша куәгерлердің қатысуымен болашақ ерлі-зайыптылардың некесі қиылған. Осы азаматтардан және олардың туыстарынан некенің АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлік талап етілгенде "жасалу үстінде" деп жауап берген. Сонымен қатар дәстүрге сай екі жақтың ата-аналарының батасы мен рұқсатын алғанын, салт-дәстүр жолымен некесін қиып беруін өтінген.

Бұл азаматтардан АХАТ бөліміне тіркелгенін растайтын куәлікті табанды түрде талап етпеген, яғни ҚМДБ-ның ішкі жұмыс тәртібін бұзған Республикалық бас мешіт имамы Қ.Қыдырминге тәртіптік шара қолданылып, ескерту жасалды", - деп жазды ҚМБД баспасөз хатшысы.

Бұған қоса ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы АХАТ бөлімінде ресми тіркелмеген, дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін "азаматтық некемен" үйленудің шариғаттағы үкімі харам екенін атап өтті.

"ҚМДБ Қазақстан азаматтарын арты опық жегізетін мұндай ауыр әрі лас күнәлі істерден аулақ болуға шақырады", - делінген жазбада.

Айта кетейік, Астанада азаматтық некедегі әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасуда.

Бұған дейінгі сот отырысында Бишімбаев пен Нүкенованың заңды түрде некеде тұрмағаны белгілі болды. Сотта экс-министр Нүкеновамен мешітте екі рет неке қиғызғанын мәлімдеген.

Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді неліктен қарындасы Бишімбаевпен заңды некеге тұрмағанын айтты. Сондай-ақ сотта Нүкенованың жазбалары оқылды. Сондай жазбаның бірінде марқұм келіншек некеде болмағандықтан, қорғана алмайтынын жазған.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаев ұсталғанын 10 қарашада ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынды. Сонымен бірге Бишімбаевтың туыс інісі, "Гастроорталық" директоры Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деп күдікке ілінген Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталған болатын.

Содан бері бірнеше рет өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087165-tartiptik-sara-qoldanyldy-qmdb-bisimbaev-pen-nukenovanyn-nekesine-qatysty-malimdeme-zasady/

pixel