Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бишімбаев сотқа телефонының құпиясөзін беруден бас тартты

Опубликовано:

Қуандық Бишімбаев сот залында
Қуандық Бишімбаев сот залында. Фото: t.me/Jogargy_sot

Бүгін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың телефоны зерттелуі керек болған. Алайда Бишімбаев сотқа телефонының құпиясөзін беруден бас тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін сотталушы Байжановтың телефонын зерттегеннен кейін кезек Қуандық Бишімбаевқа келді. Алайда ол құпиясөзін қорғаушысына ғана айтатынын мәлімдеді.

"Құпиясөзді тек қорғаушыма беремін дегім келді. Егер айыптаушы тарап оны ашып, өз дәлелі ретінде ұсына алмаса, мен оны өзімді қорғауда дәлел ретінде ұсынғым келеді", - деді Бишімбаев.

Бірақ судья бұл ұсынысқа қарсы болды. Ол құпиясөзді дауыстап айтпай, қағазға жазып беруін ұсынды.

"Іс басқа инстанцияларға жіберілген кезде, олар оны (телефон – ред.ескертпесі) зерттей алмайды. Құпиясөзді конвертке жазыңыз, телефон мен конверт қылмыстық істің ішінде болады", - деді судья Айжан Құлбаева.

Осы кезде жәбірленуші Айтбек Амангелді Бишімбаевтың қорғаушысы телефонды үстелдің астына қойып, "сонда бірдеңе істегенін" айтты. Судья телефонды зерттеу нысанасы болуы үшін оған беруді талап етті. Бірақ Бишімбаев құпиясөзін қорғаушысынан басқа біреуге айтудан сонда да бас тартты.

"Сіз телефонның жартылай тексерілгенін қалап тұрсыз ба? Оның апелляциялық немесе кассациялық сотта қалай зерттелетінін елестете аласыз ба? Былай істейік – телефонды қайтарыңыз. Құпиясөзді іс материалдарына енгізу үшін бергіңіз келмесе, ол зерттелмеген деп есептеледі", - деді судья.

Осыдан кейін Айжан Құлбаева Бишімбаев пен қорғаушысы сөйлесіп алуы үшін үзіліс жариялады.

Алайда үзілістен кейін Бишімбаевтың қорғаушысы құпиясөзді айтса, телефондағы маңызды деректер жоғалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

"Салтанаттың телефоны толық зерттелді, оның бүкіл өмірі жаһанға жария болды. Өзі жоқ болғандықтан, жеке деректерін қорғай алмайды. Оған (Бишімбаев – ред. ескертпесі) сот зерттей алуы үшін құпиясөзді бәріне берсін деп отырмын", - дейді жәбірленушінің адвокаты.

Прокурор Бишімбаевтың құпиясөзді беретінін және "хаттарды бәрің көресіңдер" деп айғайлағанын еске салып өтті.

"Телефоныңыздың құпиясөзін беретініңізді, сіздің хаттарыңызды бәрі көретінін, кінәлі емес екеніңізді айттыңыз. Бірнеше рет айттыңыз. Алайда қазір ойыңыз өзгеріп кеткен және кодыңызды беруге дайын емессіз, дұрыс түсіндім бе?" - деп сұрады судья.

Бұл сұраққа Бишімбаев телефонның құпиясөзін тек қорғаушысына беретінін қайталап жауап қатты.

"Бишімбаев сотқа телефонның кодын беруден бас тартқандықтан, біз қылмыстық істі одан әрі тергеуге көшеміз", - деп түйіндеді сөзін судья.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы 27 наурызда басталған болатын.

Содан бері бірнеше рет өткен сот отырысында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты деректер айтылды. Алайда Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаев ісі

Еске салайық, 9 қарашада БАҚ-та және Telegram-дағы арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлады.

Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қуандық Бишімбаев ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087282-bisimbaev-sotqa-telefonynyn-qupiyasozin-beruden-bas-tartty/

pixel