Министр Балаева Қайрат Нұртас пен Әбдіжаппар Әлқожаның қамалуына қатысты пікір білдірді
Жарияланған күні:
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook желісінде өнерпаздардың кейінгі кезде жиілеп кеткен заңсыз әрекеттері туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Министрдің сөзінше, қоғамды қарыштап өсіретін де, тұқыртып өшіретін де – мәдениет.
"Мәдениет тек өнер мен білім, озат талғам пен тазалық емес. Бұл, ең алдымен, адамның ішкі руханияты, халықтың өркениеттік болмысы. Ендеше, сол мәдениеттің туын көтеріп, өнердің тасын өрге домалатып жүрген әрбір майталман – елге үлгі, қоғамға бағдар болуы шарт", - деп жазды ол.
Оның сөзінше, өкінішке қарай, кейінгі кезде мәдениет саласындағы белгілі азаматтарға қатысты жағымсыз оқиғалар, кейде тіпті заңсыз әрекеттер жиілеп кеткен.
"Әрине, жеке-дара адам ретінде, қарапайым азамат ретінде кімге болса да пендешілік тән қасиет. Адам болған соң қателесуің мүмкін, бірақ оның арты заңды аттауға бармауы тиіс. Өзін нағыз “мәдениет қайраткерімін” дейтін жан үшін танымалдық заңсыздыққа жол беретін құдырет емес. Олар қашанда ұлт мәдениеті дамуының қозғаушы күші саналады. Сондықтан олардың көпке ықпалы тек өнеге, насихат, жақсылыққа арқау болуы тиіс. Мәдениет қайраткерлері Заң мен Ұрпақ алдындағы осынау үлкен жауапкершілігін түсінуі керек. Бұл мемлекет басшысының барша қазақстандықтардан талап етіп отырған бірегей үндеуі. Лауазымына, танымалдылығына, қоғамдағы орнына қарамастан, заң бәріне ортақ.
Ал мемлекет осы қағиданың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ететін болады. Сөз жоқ, Ұлы Абайдан бері келе жатқан қоғамдағы надандықпен күрестің алдыңғы шебінде мәдениет майталмандары жүруі тиіс. Осы орайда мен баршамызды осыны ұмытпауға шақырамын!
Біз құқықтық тәртіп пен өзара құрметке негізделген әрі мәдени құндылықтарымызды қастер тұтатын қоғамды бірге құра аламыз. Және бұл біздің болашағымыздың берік негізі бола алады деп сенемін", - деп жазды министр Балаева.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін желіде танымал әнші Қайрат Нұртас ұсталды деген ақпарат шыққан. Кейін ақпарат расталып, әншіге қатысты сот шешімі шыққан. Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Қайрат Нұртас қайталап жасалған ұсақ бұзақылық үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Сонымен бірге орындаушымен жанжалдасқан ер адам да жауапқа тартылды. Ол 10 күнге қамауға алынды.
Кейін желіде Қонаев қаласында Әбдіжаппар Әлқожа ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Артынша ол да қамауға алынғаны белгілі болды.
Сонымен бірге бұған дейін танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов та ұшақта мас күйде бейәдеп сөздер айтқаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2130333-ministr-balaeva-qairat-nurtas-pen-abdizhappar-alqozhanyng-qamaluyna-qatysty-pikir-bildirdi/