Зектілері

"45 жыл сабақ бердім, енді модельмін": 70-тен асқан қазақ әжелері шетелдік подиумдарды бағындырып жүр (видео)

Жарияланған күні:

Сәнқой әжелер
Сәнқой әжелер. Фото: instagram.com/kerbez_models

Астанада шетелдік подиумдарды бағындырып жүрген сымбатты әжелерден құралған сәнқойлар тобында 60 жастан асқан 25 модель бар. Олардың ең үлкені – 77 жаста. Әжелер "Таңшолпан" бағдарламасына сұқбат берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ

Телебағдарламада айтылған ақпаратқа сүйенсек, сәнқой әжелер тобы 2021 жылы Астанада құрылған. Топтағы әжелер "Тараз қаласындағы сән көрсетілімінен кейін әп-сәтте әлемге танымал болдық" дейді. Модельдердің ішіндегі жасы үлкені Екатерина Бермұхамедова 8 см-лік биік өкшемен Италия, Дубай, Германия, Париж, Өзбекстан, Ресейдің сән көрсетілімдерінде модель болып жүргенін мақтан етеді.

"Италия шақырды, Дубайда болдық. Кельн Германия, Өзбекстарн, Ресейде болдық. Біздің орташа жасымыз – 67, ең үлкені – мен 77 жастамын", - дейді Екатерина Бермұхамедова.

Сәнқойлар тобында 60 жастан асқан 25 модель бар. Бұрын бірі есепші, экономист, дәрігер, әскери қызметкер болған. Ал қазір зейнетке шығып, мүлде басқа саланы меңгеріп келеді.

"45 жыл математикадан сабақ бердім. Ешқашан модель боламын, подиумға шығамын деп ойлаған жоқпын. Италияда өте жақсы әсер алдық. Осы уақыт дейін менде мұндай әсер болмаған. Ұлттық киім киген кезде өзімізге қуат аламыз. Басқаша сезінеміз. Таныстылымдарда ұлттық киіммен шыққанда мерейіміз артады", - дейді Ғалия Сарбасова.

Әжелер тек дефиледе жүруден бөлек, макияж жасауды үйренеді. Сонымен қатар аптасына екі рет тәжірибелі маманның сабағына қатысып, камера алдында емін-еркін қозғалады.

Еске салсақ, бұған дейін астаналық 95 жастағы Жамария Хабан есімді әже туралы жазған едік. Әжей көпшілікті стильді киімдерімен таңғалдырады.

Елімізде белсенді әжелер саны мұнымен шектелмейді. Мәселен, 71 жастағы қарағандылық Хатима Тұрғымбаева қазіргі таңда йога жаттықтырушысы болып жұмыс істейді.

Ал Шымкент қаласының 74 жастағы тұрғыны Гүлсара Әбсаматова әлеуметтік желі қолданушыларын спортқа деген сүйіспеншілігімен тәнті еткен еді. Әжей спорттың арқасында ауруынан айыққанын айтып, жақында сайтымызға сұқбат берген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2174826-45-zhyl-sabaq-berdim-endi-modelmin-70-zhastan-asqan-azheler-sheteldik-podiumdardy-bagyndyryp-zhur-video/