Зектілері

"Көлсай көлдері" ұлттық паркінде қар барысы мен сілеусін камераға түсіп қалды (видео)

Жарияланған күні:

Түркістан сілеусіні мен қар барысы
Сілеусін. Фото: instagram/qazaqormany

"Көлсай көлдері" ұлттық табиғи паркінде қар барысы мен Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсіп қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Біздің фототұзақ сирек кездесетін жануарлардың таңғажайып сәттерін түсіріп алды. Түнгі уақытта парк аумағында өз табиғи ортасында сенімді қимылдап жүрген қар барысы байқалды. Сонымен қатар фототұзақ сирек кездесетін Түркістан сілеусінін түсірді: ол жемтігін байқаған бойда секіруге дайындалып, бірақ соңғы сәтте райынан қайтып, нысанасын тастап кетті", - делінген комитеттің Telegram-дағы арнасында.

Мамандар бұл кадрлар тек жануарлардың күнделікті өмірін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар парк аумағында олардың мекендеуіне қолайлы жағдай жасалғанын дәлелдейтінін атап өтті.

Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ресми сайтында айтылғандай, қар барысы экожүйедегі қоректік тізбектің шыңында тұрған жыртқыш саналады. Оның мекендейтін аумағының жағдайы табиғаттағы тепе-теңдік деңгейін көрсетеді.

Елімізде қар барысы негізінен Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай, Сауыр мен Алтай тауларында, төрт облыс – Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында кездеседі.

Қатонқарағай ұлттық саябағының ресми сайтында хабарланғандай, сілеусін – еліміздің таулы аймақтарында, оның ішінде Катонқарағай ұлттық паркінде мекендейтін жабайы мысық түрі. Олар – биологиялық тепе-теңдікті сақтауда басты рөл атқаратын жыртқыштар.

"Сілеусін көбінесе тау бөктерлерінде кездеседі және өзінің сақтығымен ерекшеленеді. Олардың табиғи популяциясы орманды алқаптар мен таулы аймақтарды мекендейтін басқа жануарларға да оң әсер етеді", - делінген ақпаратта.

Бұған дейін Шарын ұлттық саябағында сирек кездесетін жабайы аңдар фототұзаққа түсіп қалғаны хабарланды. Мамандардың айтуынша, анықталған түрлердің ішінде жабайы доңыз (Sus scrofa) бен елік (Capreolus capreolus) ерекше назар аудартады.

Сонымен қатар ШҚО-да қар барысы камераға жақыннан түсіп қалды. Сирек кездесетін жыртқышты Аршаты орманшылығында орнатылған фототұзақ түсіріп алған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2192337-kolsai-kolderi-ulttyq-parkinde-qar-barysy-men-sileusin-kameraga-tusip-qaldy-video/