Зектілері

Астанадағы бұрқасын: қала әкімдігі тұрғындарға кеңес берді

Жарияланған күні:

Бұрқасын
Бұрқасын. Фото: pexels.com

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарға алыс сапарға шықпауға, жолда абай болуға кеңес берді - мегаполисте толассыз қар жауып тұр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"Астанада толассыз қар жауып жатқанына байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген тәртіппен тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 22 желтоқсанда елордадан 42 мың текше метрден аса қарды 3033 рейспен тасыды. Қар күреуге 2603 жұмысшы мен 1 595 арнайы техника жұмылдырылды", - деп хабарлады қала билігі.

Әкімдік мәліметінше, қыс басынан бері қаладан полигондарға 105 мыңнан аса рейспен 1 млн 300 мың текше метрден аса қар шығарылды.

Астана билігі жолдарда кептеліс болмас үшін әң әуелі қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылатынын ескертті. Содан кейін қарқыны орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар тазартылады. Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі жүретін орындарды, аялдамаларды тазалауға ерекше мән беріледі.

Әкімдік елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға, дауылға қатысты ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда "112" нөміріне хабарласыңыз.

Осы аптада Алматы қаласының билігі мегаполиске қардың желтоқсандағы бір айлық мөлшерінің үштен бірі немесе бір тәулікте он күннің нормасы түскенін хабарлаған.

Жұма күні Шымкент әкімдігі жолдар мен қоғамдық орындарда қар тазалау жұмыстары тәулік бойы жүріп жатқанын мәлімдеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2203352-astanadagy-burqasyn-qala-akimdigi-turgyndarga-kenges-berdi/