"Төрт адамның жағдайы ауыр": дәрігерлер Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы мәлімет берді
Жарияланған күні:
Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен алты адам қазір Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында ем алып жатыр. Бұл туралы аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Аурухана мәліметінше, зардап шеккен алты адамның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр:
- Бір науқастың жағдайы өте ауыр;
- Үшеуінің жағдайы тұрақты ауыр.
Қалған екі науқас травматология бөлімшесінде емдерін жалғастыруда.
"Ем алып жатқан алты адамның үшеуі – Әзербайжан азаматтары, ал қалған үшеуі – Қырғызстан азаматтары. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 25 желтоқсан күні сағат 10:58-де 1-ші санатты жедел жәрдем шақыру түскен. Оқиға орнына 22 жедел-жәрдем бригадасы жіберілген.
Қазақстан Көлік министрлігі алдын ала ақпаратқа сәйкес ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болғанын хабарлады.
Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы нақтыланған деректерді жариялады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта 42 Әзербайжан, 16 РФ, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан азаматы болған.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар тізімін жария етті.
Сондай-ақ Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалғандардың тізімі және экипаж мүшелерінің тізімі шықты..
АZAL әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Олардың 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Сол күні премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия Ақтауға келіп, апат болған жерге барды. Көп ұзамай Қазақстан төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов оқиға орнына жетті. Сөйтіп үкімет жанынан құрылған комиссия Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады, сол ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Azerbaijan Airlines әуе апатының себептерін тергеу аяқталғанша Бакуден Грозный мен Махачкалаға ұшуды уақытша тоқтатты.
Көп ұзамай Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақта 38 адам қаза тапқаны белгілі болды. Өкінішке орай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
Қайғалы апатқа байланысты брифинг барысында көлік министрі ұшақ экипажының бес мүшесінен үшеуі аман қалғанын хабарлады. Кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтаудағы ұшақ апатынан экипаждың үшеу емес, екі мүшесі ғана тірі қалғанын мәлімдеді.
Түн ортасында Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың толық тізімі жарияланды. Олардың арасында бір бала бар.
Әзербайжан астанасында мемлекеттік алаңдағы және басқа да ресми мекемелердегі ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2205852-tort-adamnyng-zhagdaiy-auyr-darigerler-aqtaudagy-ushaq-apatynan-zardap-shekkender-turaly-malimet-berdi/