Дәрігерлер Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты
Жарияланған күні:
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендердің 11-і ауыр жағдайда. Олар жансақтау бөліміне жатқызылған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Оның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті.
Министрліктің мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр.
Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда.
Денсаулық сақтау департаменті оқиға орнына 22 жедел жәрдем бригадасы, Апаттар медицинасы орталығының алты және IV санаттағы екі жедел жәрдем бригадасы жіберілгенін нақтылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтау маңында Әзербайжанның әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырағаны хабарланған. Кейін Көлік министрлігі ұшақ Бакуден Грозныйға бағыт алғаны жайлы хабар таратты. Ұшақ бортында 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен 52 маман мен 11 бірлік техника жұмылдырылды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ өртеніп жатқаны анықталды, өртті сөндіру жұмыстары дереу басталды.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдегендей, оқиға орнына 14 жедел жәрдем бригадасы жіберілді. Алдын ала, расталмаған мәліметтер бойынша, бастапқыда алты адам аман қалғаны туралы хабарланған еді.
Көп ұзамай ұшақта Қазақстанның 6 азаматы болғаны анықталды. "Алдын ала ақпаратқа сәйкес, бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған", - делінген хабарда.
Оқиқаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын еске саламыз. Алдын ала мәлімет бойынша ұшақ не үшін Ақтауға бағыт алғаны мәлім етілді.
Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы Telegram-дағы ресми арнасында Баку-Грозный бағытында ұшып бара жатып, Ақтау маңына құлаған ұшақ бортында болған жолаушылар, экипаж мүшелері тізімін жария еткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2204886-darigerler-aqtau-mangyndagy-ushaq-apatynan-zardap-shekkenderding-zhagdaiy-turaly-aitty/