"Үш елде іс қозғалды": Әзербайжанның бас прокуроры Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу барысын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің құқық қорғау органдары Ақтау маңында болған ұшақ апатын тергеп жатыр, үш елде қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Trend.az басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Ұшақ апатына байланысты үш елде – Ресей, Қазақстан және Әзербайжанда қылмыстық істер қозғалды. Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің тиісті құрылымдары дәлелдер жинады, кейін олар кінәлі тұлғадарды анықтау үшін бірлесіп талданады.
Қазіргі уақытта Ресейдің Тергеу комитеті мен Бас прокуратурасы осы бағытта тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр", - деп жазады басылым Әзербайжанның бас прокуроры Кямран Әлиевтің сөзіне сілтеме жасап.
Ал жақында Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың экипажы мен диспетчерлер арасындағы өзара әңгіменің желіде пайда болған стенограммасына қатысты пікір білдірген еді.
Ақтау маңындағы ұшақ апаты
25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бет алған Аzerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның бесеуі – экипаж мүшесі.
Бортта Әзербайжанның 42-і, Ресейдің 16-ы, Қазақстанның алты, Қырғызстан үш азаматы болған.
Ұшақ апатынан 38 адам қаза тапты. Олардың үшеуі – экипаж мүшесі. Өкінішке қарай, аман қалғандардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.
АZAL әуекомпаниясы ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігінің қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғады.
Әзербайжан астанасында аза тұту күні жарияланды.
26 желтоқсанда Euronews генттігі Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзге сілтеме жасап, Ақтаудағы қайғылы оқиғаға Ресейдің Грозный үстінен ұшырылған зымыраны себеп болғаны туралы ақпарат жариялады.
Кейін Ресей авиациясының басшысы Дмитрий Ядров 25 желтоқсанда Embraer жолаушылар ұшағының Маңғыстауда апатқа ұшырауына қатысты мәлімдеме жасады. Ол Қазақстанға құлаған жолаушы ұшағы Грозный әуежайына "Ковер" режиміне байланысты қона алмағанын, Шешенстан астанасы әуе кеңістігінде мұндай режим Украина шабуылына байланысты енгізілгенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, РФ әуе кеңістігінде болған қайғылы жағдай үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ Ресей Тергеу комитеті осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұқбатында ұшақтың апатқа ұшырауына себеп болуы мүмкін фактілерді атады.
Сондай-ақ ол ұшақ апатынан қаза болған марқұмдардың отбасымен кездесу кезінде әділдікті, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды талап ететіндерін мәлімдеді.
Ал Қазақстан Azerbaijan airlines ұшағының борттық өздігінен жазғыш деректерін (қара жәшіктері) Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2213298-ush-elde-is-qozgaldy-azerbaizhannyng-bas-prokurory-aqtaudagy-ushaq-apatyna-qatysty-tergeu-barysyn-aitty/