"Тентек барыс": Қатонқарағайда қар барысының ерекше әрекеті фототұзаққа түсіп қалды (видео)
Жарияланған күні:

Қатонқарағайда қар барысының әрекеті фототұзаққа түсіп қалды. Кадрлардан сирек кездесетін аң камераны зерттеп көрмек болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ерекше видеоны Қатонқарағай ұлттық паркі Instagram парақшасында жариялаған. Видеодан қар барысы камераға жақындап, зерттемек болғанын көруге болады.
"Қар барысы: фотограф па, әлде тентек пе? Катонқарағай ұлттық паркінің Аршаты орманшылығында фототұзаққа ерекше сәт түсіп қалды – қар барысы камераға қызығушылық танытқан. Бірақ ол жай ғана жанынан өте салмай, түсірілімге өз "түзетулерін" енгізбек болғандай.
Кадрларда барыстың камераны мұқият зерттеп тұрғаны анық көрінеді. Бір сәтте ол сақтықпен жақындап, аяғымен түртіп қалады. Мүмкін, ракурс ұнамаған болар? Әлде суретке "дұрыс" түсу үшін кадрды өзі реттемек болды ма? Қалай десек те, техника шыдады, ал бізге табиғаттың осы ғажайып жыртқышының сирек кездесетін, ерекше кадрлары бұйырды", - деп жазылған ұлттық парк жазбасында.
Айта кету керек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы "Катонқарағай" ұлттық саябағында тағы бір барыс камераға түсіп қалғанын жазғанбыз.
Сонымен бірге дәл осы Катонқарағай ұлттық саябағында түн ортасында серуендеп жүрген қар барысы камераға түсіп қалған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2216703-tentek-barys-qatonqaragaida-qar-barysynyng-erekshe-areketi-fototuzaq-nazaryna-ilikti-video/