Перизат Қайратқа қатысты тіркелген жаңа істің мән-жайы белгілі болды
Жарияланған күні:

Қаржы мониторингі агенттігі өкілдері Перизат Қайратқа қатысты 2025 жылдың 23 қаңтарында оңалту орталығын салуға ақша жинау алаяқтығы бойынша жаңадан сотқа дейінгі тергеу тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ҚМА ресми өкілінің хабарлауынша, Перизат Қайрат 2021 жылдың қараша айында Ақмола облысында "Батыр" қоғамдық бірлестігіне оңалту орталығын салу үшін ақша жинау мақсатында қайырымдылық аукционын ұйымдастырған.
"Жұрттың сенімін арттыру үшін оңалту орталығына мұқтаж мүгедек-балалар мен олардың ата-аналарын іс-шараға тартқан.
Күдікті Перизат Қайрат тарапынан таратылған жалған деректер бойынша 48 млн теңге жиналып, құны 100 миллион теңге ғимарат сыйға тартылған. Алайда аукцион кезінде шын мәнінде 22 млн теңге түскен, осы ақшаны ол өзінің жеке қажетіне жаратқан", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Перизат Қайрат "Батыр" қоғамдық бірлестігі үшін құны 30 млн теңге жер телімін сатып алғанын мәлімдеген, алайда бұл учаскені 2019 жылы бірлестік өзі сатып алған.
ҚМА дерегіне сүйенсек, оңалту орталығының құрылысы әлі басталмаған. Ал орталықтың қажеттілігіне берілді деген ғимарат мүлдем жоқ болып шықты.
Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
ҚМА өкілдері тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын айтты.
Қаржы мониторингі агенттігінің өкілдері халықтан Перизат Қайраттың алаяқтық әрекеттерінің құрбаны болса, агенттікке мына мекенжай бойынша хабарласуды сұрайды:
Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 10
немесе
+7 (7172) 70-84-78, 70-84-79 (қосымша: 21384) телефон нөмірлері.
Бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов журналистерге Перизат Қайрат ісінде жаңа эпизод тіркелгенін айтқан еді.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталуға жақын, наурыз айының басында тергеу жұмыстарының аяқталғаны және танысу кезеңі басталғаны туралы хабарланатын болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 14 қарашада қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат көктемгі су тасқыны кезінде халықтан жиналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген күдікпен ұсталғаны мәлім болды. Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің мәлімдеуінше, Перизат Қайрат қорға түскен ақшаның негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік пен бағалы заттар сатып алуға жұмсаған.
Кейін қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов Biz Birgemiz қорының басшысы Перизат Қайрат ісіне қатысты сауалдарға жауап берді.
Сонымен қатар Перизат Қайрат пара үстел теннисі федерациясының басшысы қызметінен босатылғаны белгілі болды.
AMANAT партиясының өкілдері де Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдіріп, партияның оның қызметіне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бүгін, 16 қарашада ҚМА өкілдері Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына жиналған қаржыдан 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырды деп тағы бір күдікке ілінгенін хабарлады.
Кейін Астана соты бұлтартпау шарасымен Перизат Қайрат екі ай мерзімге қамауға алынғанын мәлім етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2222645-perizat-qairatqa-qatysty-zhanga-is-tirkeldi/