Зектілері

Іздеуде болған Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Қазақстанға жеткізілді

Жарияланған күні:

күдікті
Күдікті. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, іздеуде болған Сәдуақасов Т.Х.-ны Қазақстан Республикасының аумағына жеткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ ҚМА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Сәдуақасов аса ірі көлемде алаяқтық жасады және лауазымды тұлғаларға пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген.

"2023 жылғы шілде айында Сәдуақасов Т.Х. мен адвокат Құрманбаев С.Н. өздерінің қызметтік байланыстарын пайдаланып, Долгалев В.И.-дің іскерлік серіктестеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастау мәселесін шешуді ұсынған.

Аталған мәселені шешу үшін Сәдуақасов Т.Х. мен Құрманбаев С.Н.-ға заңсыз сыйақы ретінде 225 млн теңге беру жөнінде келісім жасалған. Алайда күдіктілер параның алғашқы бөлігі – 90 млн теңгені алғаннан кейін бұл қаражатты өз пайдасына жаратқан және өз міндеттемелерін орындамаған.

Кейін Сәдуақасов Т.Х. қылмыстық жауапкершілікке тартылудан қауіптеніп, соттан жасырынған", - делінген хабарламада.

Хабарламада Сәдуақасовтың мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені, оны Өзбекстан Республикасының Шекара қызметі өкілдері ұстағаны айтылған. Сондай-ақ оған қатысты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін қылмыстық іс қозғалған.

2025 жылғы 25 ақпанда Сәдуақасов Түркістан облысындағы "Қапланбек" шекара бақылау-өткізу пунктінде Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлеріне тапсырылып, кейін Шымкент қаласындағы тергеу изоляторына қамалған.

"Жақын арада ол Павлодар қаласындағы тергеу изоляторына жеткізіледі. Аталған іс Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қарастырылады", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасовқа іздеу салынғаны туралы ақпарат жарияланған еді.

Кейін Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері оған қатысты істің мән-жайын айтты. 17 ақпанда оның ұсталғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2224056-izdeude-bolgan-aqtau-akimining-buryngy-orynbasary-qazaqstanga-zhetkizdi/