"Лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз": Сатыбалды мердігерлерді сынға алып, қатаң ескерту жасады
Жарияланған күні:
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мерзімнің сақталмауы мен жұмыстың сапасыз орындалғаны үшін мердігерлерді сынға алды, деп хабарлайды қала әкімінің баспаөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Дархан Сатыбалды мердігер ұйымдардың құрылтайшыларымен өткен кеңесте қаланың жобаларға немқұрайлы қарауға жол берілмейтінін мәлімдеген.
Әкімнің айтуынша, миллиардтаған қаржы алған мердігер ұйымдар уәде етілген мерзімде ісін аяқтамай, сапасыз жұмыс істеп, қала келбетіне нұқсан келтіріп отыр.
"Бірнеше ондаған техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар опырылып кеткен жолға, шаң мен топыраққа, қазылғаннан кейін қайта қалпына келтірілмеген аумақтарға шағымданып жатыр. Бұл – жұмыс емес, бұл – жауапсыздық", - деді Алматы әкім.
Қала басшысы мердігерлердің салғырттығы салдарынан жобалар ұзаққа созылып, кейде қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалатынын, құрылыс барысында технологиялық талаптардың сақталмауы мен қазылған жолдың қайта қалпына келтірілмеуін де сынға алған.
Дархан Сатыбалды небәрі бірнеше мердігер ұйымға ғана 38 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгендіктен, мұндай ауқымды инвестиция кезінде қала билігі нәтижені талап етуге толық құқылы екенін жеткізді.
"Жағдайды сыртқы себептерге сілтеп, кінәні басқаға артуға болмайды. Жұмысты сапалы да уақытылы орындасын, әйтпесе Алматы жобаларынан оларды шеттетеміз. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз", - деді Алматы әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Алматыдағы нөсер жауын салдарынан Аманжол көшесіндегі жол жабыны опырылып, 13 көлікке зақым келген еді. Әкімдік өкілдері бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірген болатын.
Кейін Әуезов ауданына қарасты Яссауи көшесінде де жол жабынының опырылғаны белгілі болды.
Тұрғындардың шағымынан кейін Дархан Сатыбалды нөсерден кейін бүлінген аумақтарды тексеріп шығып, мердігерлерге зардап шеккен тұрғындарға келтірілген шығынды өтеуді міндеттеді.
Сондай-ақ Аманжол көшесіндегі жағдай үшін мердігер әкімшілік жауапқа тартылды.
Бұдан бөлек, Дархан Сатыбалды жол төсемінің шөгуі мен жиектастың негізсіз ауыстырылуына байланысты Әуезов пен Медеу аудандарының әкімдеріне қатаң сөгіс жариялады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2290707-litsenziiasynan-aiyryp-zhauapqa-tartamyz-satybaldy-merdigerlerdi-synga-alyp-qatang-eskertu-zhasady/