Алматыда Канье Уэсттің концертіне байланысты қай көшелер жабылатыны белгілі болды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы әкімдігі 14 тамызда Канье Уэсттің концертіне байланысты мегаполисте қай көшелер жабылатынын мәлім етті, деп жазады ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 14 тамызда Орталық стадионда өтетін Канье Уэсттің (YE) концерті кезінде көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік қатынасын реттеу бойынша арнайы шаралар ұйымдастырылады.
Қоғамдық көлік пен метрополитеннің жұмысы күшейтіледі.
"Байқоңыр" метро бекеті сағат 21:00-де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге "Абай" және "Мұхтар Әуезов атындағы театр" бекеттерін пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00-ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00-ге дейін ұзартылады.
Концерттің өтуіне және қауіпсіздік шараларына байланысты сағат 16:00-ден бастап Орталық стадион маңында көлік қозғалысына кезең-кезеңімен шектеу енгізіледі. Қозғалыс мына көшелерде шектеледі:
- Абай даңғылы;
- Байтұрсынов көшесі;
- Сәтбаев көшесі.
"Қауіпсіздік қызметтерінің шешімі бойынша жекелеген жол учаскелері ертерек жабылуы мүмкін. Оқиға орнында полиция департаментінің қызметкерлері кезекшілік атқарып, жол қозғалысын бақылауды қамтамасыз етеді және көлік кептелісінің алдын алуға көмектеседі", - делінген хабарламада.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына бағытын алдын ала жоспарлау, мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану және қала орталығындағы көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеулерді ескеруге кеңес беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, 17 шілдеде Алматыда әйгілі америкалық рэпер Канье Уэсттің концерті өтетіні туралы ақпарат тарады. Алдымен бұл жаңалықты оның менеджері Джозеф Карре хабарлады. Кейінірек Алматы әкімдігінің өкілдері ақпаратты растады.
Концерт 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетіні белгілі болды.
Бүгін Алматы полициясы Канье Уэсттің тыңдарманына үндеу жасап, концертке билет сатып алу кезінде алаяқтарға алданып қалмаудың жолдарын айтты.
Сондай-ақ әкімдік концертке келушілер үшін алты бағыт бойынша 60 тегін шаттл қатынайтынын мәлім етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2410598-almatyda-kane-uestting-kontsertine-bailanysty-qai-kosheler-zhabylatyny-belgili-boldy/
