Ұлдана Мырзуан ісі: сот бұрынғы күйеуінің жәбірленуші болудан бас тарту туралы өтінішін қанағаттандырмады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанадағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі өзін жәбірленушілер қатарынан алып тастау туралы өтініш білдірген еді. NUR.KZ тілшісінің хабарлауынша, судья Меруерт Абаева бұл өтінішке қатысты шешім шығарды.
Бүгін біз Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлауы салдарынан қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі өзін жәбірленушілер қатарынан алып тастауды сұрамақ болғанын жазған едік. Алайда өтінішті қарастырған судья оны қанағаттандырудан бас тартты.
"Сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдап, қаулы етті: жәбірленушінің өкілі Зейнелдің өтінішін қанағаттандырудан бас тартылсын. Жәбірленушінің өкілі бұл өтінішпен негізгі сот талқылауы барысында өзінен жауап алынғаннан кейін жүгінуге құқылы екені түсіндірілсін" - деді судья Меруерт Абаева.
Еске сала кетейік, бүгін іс бойынша сот процесі басталды. Сот процесті онлайн көрсету туралы шешім қабылдады.
Ұлдана Мырзуан ісі
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер құлап, адамдар зардап шеккен еді.
Кейін оқиға орнында жедел жәрдем фельдшері де жарақат алғаны белгілі болды. Ол зардап шеккен ер адамды үйінді астынан шығарып алмақ болған кезде, басына 9-қабаттан кондиционер құлаған.
Өкінішке қарай, 18 қарашада фельдшер көз жұмды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм Ұлдана Мырзуанды "Ерлігі үшін" медалімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Зардап шегушінің бас сүйегіне трепанация жасалды.
Ал биыл шілденің соңында марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешанкулова бұрынғы күйеуі екінші рет үйленіп жатқанын естіп, қазақстандықтарға үндеу жасады.
Көп ұзамай Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен оның анасы қоғам сынына жауап берді. Зейнел сол кезде қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын мәлімдеген еді. Ол "істі соңына дейін жеткізіп, әділдікке қол жеткізгісі" келетінін айтқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2414426-uldana-myrzuan-isi-sot-buryngy-kuieuining-zhabirlenushi-boludan-bas-tartu-turaly-otinishin-qanagattandyrmady/
