Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Күйіп-пісудің қажеті жоқ": бас бапкер Санжар Тәшкенбайдың "Странджа" турниріндегі нәтижесіне пікірін айтты

Опубликовано:

Санжар Тәшкенбай
Санжар Тәшкенбай. Фото: olympic.kz

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Болгарияда өткен "Странджа" турнирін қорытындылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бокстан Қазақстан құрамасы "Cтранджа" халықаралық турнирінде 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде жеңіп алған еді. Санжар Тәшкенбай күміс жүлде иеленсе, Дулат Бекбауов алтын медаль еншіледі, ал Тұрсынбай Құлахмет қола жүлдеге қол жеткізді.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов "Странджа" турниріндегі қазақстандық боксшылардың нәтижесіне қатысты пікірін айтты. Ол Санжар Тәшкенбайдың жаңа салмаққа ауысқанына бір жыл да болмағанын атап өтті.

"Әр спортшының жаңа салмаққа бейімделуі әртүрлі болады. Біздің спортшымыз жас болса да, атағы, шеберлігі бар боксшы. Сондықтан, ертерек қалыптасады деп ойлаймыз. Финалда әлемдік деңгейдегі мықты спортшының бірімен кездесті. Ақтық сында да осалдық танытты деп айта алмаймын. Өзіне лайық өнер көрсетті. 

Кейбіреулер Санжардан бұдан да үлкен нәтиже күтіп, күміс медальға ренжіп қалуы мүмкін. Бірақ Амиттің жасы да, спорттағы тәжірибесі де үлкен. Санжар Тәшкенбай оның қасында жас бала. Бәрі алда. Әрбір жарысқа, әрбір нәтижеге күйіп-пісудің қажеті жоқ. Жанкүйерлерге түсіністікпен қарауды сұраймыз. Келешекте Санжардың бұл салмақтағы үздік нәтижелерін көре бастайтынымыз анық", – деді бас бапкер.

Мырзағали Айтжанов алтын жүлде иеленген Дулат Бекбауовтың да нәтижесіне баға берді.

"Дулат Бекбауов өз салмағында топ жарды. Оның салмағы Олимпиадаға енбейді. Десе де, бұл жетістік Азия чемпионатының алдындағы дайындық іспетті болды. Спортшы жыл бойы дайын жүруі керек. Енді Дулат та алдағы арман-мақсаттары үшін ерінбей еңбек етеді", – деді Айтжанов.

Бас бапкер қола жүлде еншілеген Тұрсынбай Құлахметтің кәсіби боксқа кетіп, әуесқой бокстағы жарыстардан біраз үзіліс алғанын еске салды.

"Енді, міне, командаға қайта оралып, өзінің  бабына еніп келе жатыр. Іс-қимылынан көрініп тұр. Спартакиада кезінде де байқадық. Тұрсынбай 75 келіден 80 келіге ауысты ғой. Жаңа салмақ кішкене ауырлау соғып тұрған сыңайлы. Бірақ 80 келідегі әлемнің ең мықты боксшыларының бірі - Тоқтарбек Таңатқанмен терезесі тең өнер көрсетті. 2:3 есебімен жеңілді. Тоқтарбектің шеберлігі мен жылдамдығы біздерге, мамандарға көрініп тұрды", – деді Мырзағали Айтжанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2061093-kuiip-pisudin-qazeti-zoq-bas-bapker-sanzar-taskenbaidyn-strandza-turnirindegi-natizesine-pikirin-aitty/

pixel