
Таиландта өткен бокстан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Айбек Оралбай мен күміс жүлдегер атанған Санжар Тәшкенбайды астаналықтар әуежайдан күтіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Астана спорт басқармасының Instagram-дағы парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Таиланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 10 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған еді. Қоржынға жүлде салғандардың қатарында елордалық боксшылар Айбек Оралбай мен Санжар Тәшкенбай да бар. Оларды астаналықтар қала әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды.
"Көктемде Олимпиадаға дайындық мақсатында Астанада өткен Elorda Cup халықаралық турнирінде алғаш рет +92 келіде өнер көрсеткен едім. Енді міне Азия чемпионатында осы салмаққа көтеріліп, топ жардым. Қателіктерімді байқадым. Алдағы уақытта тағы тынбай жаттығып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасында бірінші нөмір екендігімді дәлелдеуге тырысамын", - деді ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай.
Айбек Оралбай +92 кг салмақ дәрежесіндегі финалда қытайлық Абудурешити Ремуланы төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіп, Азия чемпионы атанған еді. Ал ең жеңіл 48 кг салмақта Санжар Тәшкенбай финалда өзбек боксшысына есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов төрешілер шешімімен келіспейтінін мәлімдеген еді.
Еске салайық, қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов өзбек спортшысы жіберген өрескел қателіктен кейін Азия чемпионы атанғанын жазғанбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/boxing/2200164-bokstan-aziia-chempionatynyng-zhuldegerlerin-astanalyqtar-qalai-kutip-aldy-video/