Спорт

Зектілері

Ресми: 16 жастағы қазақ баласы әйгілі "Челси" клубының ойыншысы атанды

Жарияланған күні:

Дастан Сәтбаев
Дастан Сәтбаев. Фото: instagram.com/d.satpayev

16 жастағы футболшы Дастан Сәтпаев мансабын атақты "Челси" клубында жалғастырады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Қайрат" футбол клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

"Алматылық "Қайрат" пен лондондық "Челси" 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келді. Ол 2026 жылғы жазда кәмелет жасына толған соң ағылшын клубына ресми түрде қосылады. Ол уақытқа дейін Дастан Сәтпаев "Қайрат" сапында өнер көрсетеді", - делінген клубтың Instagram желісінде жариялаған хабарламада.

Дастан Алматы қаласында дүниеге келген. Сегіз жасында "Қайрат" академиясына түсіп, дайындықтың барлық сатысынан өткен.

Оның жетістіктері:

  • QJ League-те екі маусымда 28 матчта 26 гол, 10 нәтижелі пас;
  • QJ League 2024 жылғы маусымның ең құнды ойыншысы;
  • Бірінші лигада 5 матч ойнап, жеңіс голын соққан;
  • УЕФА Жасөспірімдер лигасында 4 матчта 1 гол, 1 нәтижелі пас.

Бұдан бөлек, Дастан Сәтпаев 2024 жылғы мамырда 15 жасында негізгі командада дебют жасап, "Қайрат" тарихындағы ең жас ойыншы атанған.

"Дастанның мансабындағы ең маңызды қадамы құтты болсын! Біз оның жетістіктерімен мақтана отырып, оны жаңа белес күтіп тұрғанына сенімдіміз!" - деді "Қайрат" ФК өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қараша айында 16 жастағы Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді. Кейін футболшының өзі Лондонда жүрген сәтінен фото жариялады.

Жуырда қазақстандық БАҚ оның мансабын "Челси" клубында жалғастыратынын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/football/2219471-resmi-16-zhastagy-qazaq-balasy-aigili-chelsi-klubynyng-oiynshysy-atandy/