Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

UFС-мен келісімшартқа отырған Азат Мақсұмның қарсыласы қазақстандық болуы мүмкін бе

Опубликовано:

Азат Мақсұм
Азат Мақсұм. Фото: instagram.com/aza.maksum

Бірнеше күн бұрын қазақстандық файтер Азат Мақсұм әлемдегі ең үздік MMA промоушені UFC-мен келісімшартқа отырды. Спорттық мансабында ешқашан жеңілмеген (16-0) отандасымыздың болашағына сенім артатындар көп. Ал ел үмітін арқалаған Азаттың жоспары қандай? Ең жеңіл салмақта өнер көрсететін файтердің алғашқы қарсыласы қазақстандық болуы мүмкін бе? Азат Мақсұм осы және өзге де сұрақтарға KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап қатты.

Азат, жақында UFC ұйымымен келісімшартқа қол қойдыңыз. Күллі Қазақстан бөркін аспанға лақтырып қуанып жатыр. Ал сіз халықтың қолдауын қаншалықты сезіндіңіз?

Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Халық қолдап жатыр. Енді бірінші жекпе-жегімнің уақыты белгілі болса, нағыз қолдауды сол кезде сезінеміз деп ойлаймын.

Жетістік жолында кездескен кедергілер көп болды ма? Неге дәл осы спорт түрін таңдадыңыз?

Кедергілер — жолдың бір бөлігі. Мен жалпы «осы нәрсе кедергі» деген түсінікті қабылдамаймын. Өз сүйікті ісім болғандықтан, мұның барлығы — тек процестің қызықты кезеңдері.

Қателеспесек, UFC-мен 1 жарым жылға келісімшартқа отырдыңыз. Дебют жазда немесе күзде өтеді. Қазір қалай дайындалып жатырсыз?

Қазір АҚШ-тағы Колорадо штатында дайындалып жатырмын. Жекпе-жекті неғұрлым ерте қойса керемет болар еді. Нақты ештеңе жоқ, Нұраддин ағамыздан жаңалық күтеміз.

Отандасымыз Асу Алмабаев та сізден бірнеше күн бұрын ғана UFC-мен келісімшарт жасады. Екеуіңіз де ең жеңіл салмақта өнер көрсетесіздер. Алғашқы қарсыласыңыз Асу болуы мүмкін бе?

Мүмкін емес. Ростерде екеумізден де басқа отыз шақты спортшы бар. Солардың бірін беретін болар.

UFC-де ең жеңіл салмақтағы қазақстандықтар қатарында Жалғас Жұмағұлов та бар. Ал екі отандасымыз бір-біріне қарсылас атануы қаншалықты ықтимал?

Кейін чемпиондық жекпе-жек болмаса, бірден ұсыныс жасай қоюы неғайбыл.

Әлемдегі үздік ММА лигасында топ жару оңай іс емес. Ал сізге UFC чемпионы атануға қанша уақыт қажет деп ойлайсыз? Ішкі түйсігіңіз не дейді?

Шыны керек, менің мақсатым — әр жекпе-жекте жеңіске жетіп, менеджерлерім Нұраддин Садықов пен Саят Абдрахмановтың жоспарын ойдағыдай орындау. Ішкі түйсік пен нақты жоспарлар — менің ісімді жүргізетін UNDERDOG менеджерлік компаниясының иелігінде.

Бұл салмақта өзіңіз сескенетін файтерлер бар ма?

Жоқ. Өзімнен бас жоғары ешкімді көріп тұрған жоқпыз. Бәрі де өзіміз секілді екі аяқты, екі қолды пенделер. Кез келгенімен шығуға болады.

Соңғы уақытта UFC-де қазақстандық файтерлердің саны артып келеді. Елімізде үздік ММА лигасында өнер көрсетуге лайық спортшылар жетерлік деп айта аламыз ба?

Жетерлік. Өзімнің қасымдағы бауырларым Бекзат Әлмахан, Дамир Төленов пен Нұржан Акишевтер қазір-ақ дайын. Басқа да лайықты жауынгерлер аз емес. Мәселен, UNDERDOG менеджерлік компаниясында менен басқа болашағынан зор үміт күттіретін 60-қа жуық жауынгер бар, олардың басым көпшілігі UFC-ге сақадай сай. Әзірге мен алғашқы болып UFC-ге өттім. Біз бір-бірімізге жол ашатындай қызмет етуіміз керек.

Қазақстандық жанкүйерлер сіздің өмірбаяныңыздан да хабардар болғысы келеді. Өзіңіз жайлы, жеке өміріңіз жайлы айтып өтсеңіз...

Өзім 1995 жылы Бақанаста дүниеге келдім. Қарасай ауданы Райымбек ауылында өстім. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тәмамдадым. Жастайымнан бапкерім Дәнеш Дүнгенбаевта жаттығып келемін. Бар ісім — жекпе-жек спортында өзімді шыңдау. 2018 жылдан бері менеджерім Нұраддин Садықовпен жұмыс істеп, бірінші мақсатымызға жеттік. Әрі қарай әркім өз ісінде озса, басты мақсаттың орындалар күні алыс емес.

Азат, сұхбатыңызға рахмет. Сізге тек сәттілік пен жеңіс тілейміз!

Сізге рахмет! Барлық қазақ халқы бір адам болса, ол адам — менің бастығым!

Сұхбаттасқан Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/mma/2016490-ufs-men-kelisimsartqa-otyrgan-azat-maqsumnyn-qarsylasy-qazaqstandyq-boluy-mumkin-be/