Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Отан үшін қызмет еткенге не жетсін": Туниске тарихи алтын әкелген қазақ бапкері екі елдегі таэквондоны салыстырды

Жарияланған күні:

Есбол Сұлтанов пен олимпиададағы жеңіс
Есбол Сұлтанов пен олимпиададағы жеңіс: Жеке мұрағатынан

Тунис құрамасының таэквандодан бас бапкері қазақстандық Есбол Сұлтанов сол елге Олимпиаданың тарихи алтыны мен қола жүлдесін сыйлады. Бапкер Қазақстанның спортқа құятын қаржысы Туниске қарағанда көп екенін айтады. Бірақ Қазақстаннан барған екі таэквондошы да додадан жүлдесіз қайтты. KAZ.NUR.KZ тілшісі бапкермен осы туралы сұқбат құрып көрді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Қазақстандық Есбол Сұлтанов Тунис құрамасын жаттықтырып, Олимпиадада тарихи алтын мен қола медаль жеңіп алды. Ол Қазақстандағы таэквондо жағдайын Туниспен салыстырып, елімізде спортқа көбірек қаржы бөлінетінін айтты.
  • Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанда таэквондо инфрақұрылымы мен бюджеті жақсы, бірақ 2008 жылдан бері Олимпиадада жүлде жоқ. Ол мәселені терең зерттеп, жүйені дұрыстап құру керек деп санайды.
  • Бапкер биылғы Олимпиадада қазақстандық таэквондошыларға халықаралық тәжірибе жетіспегенін айтты. Ол қазір басқа елдерден ұсыныстар алып жатқанын, Қазақстаннан да ұсыныс болса қарастыратынын жеткізді.

Есбол Сұлтанов Тунис құрамасына 2023 жылдың қыркүйегінде келісімшарт арқылы келген. Ондағы мақсат – шетел асып, жаңа белестерді бағындырып көру. Арада бір жыл өте Тунис мемлекеті Олимпиададан жалпы үш медаль жеңіп алды. Оның екеуін Есбол Сұлтанов жаттықтырған таэквондошылар әкелді. Фирас Катуси Олимпиадада тарихи алтын медаль алса, Мохамед Халил Женбуди қола жүлде иеленді.

Бір жылда мұндай жетістікке жету қазақстандық бапкерге оңайға соқпаған. Жаңа ортаға сіңісуден бөлек, ең ауыр жүк – жауапкершілік болды дейді. Өйткені Тунисте таэквондо спортына қоғам үлкен мән беретін көрінеді. Қазақстан боксқа қандай сенім артса, мұнда таэквондоға дәл солай көзқарас дейді. Мұндай сенім Есбол Сұлтановқа артылған жауапкершілікті одан сайын арттырған.

"Бөтен ел, менталитет, бөтен жүйе, федерация, басқа спортшылар. Басында қиындау болды. Бірақ “әр асудың бір тосуы бар” дейді ғой, өзімізді қамшылап бәріне үйрендік. Адаптация оңай болмағанымен, одан да ауыры жауапкершілік болды. Өйткені бүтін бір елдің спортшыларын Олимпиадаға дайындайсың. Сол елдің спортшыларының сенімі, федерацияның сенімі, халықтың сенімі бар. Осы жауапкершілік үшін қатты уайымдадым”, - дейді ол.

Есбол Сұлтанов жаттықтырған спортшы қола жеңіп алды
Есбол Сұлтанов жаттықтырған спортшы қола жеңіп алды: Жеке мұрағатынан

Париж Олимпиадасында Тунис таэквондодан алғашқы алтынын қанжығасына байласа, қазақстандық спортшылар жүлдесіз қайтты. Есбол Сұлтановтың сөзінше, екі елде де таэквондоға қатысушылар көп. Бірақ Қазақстандағы жаттықтырушылардың халықаралық тәжірибесі Туниске қарағанда көш ілгері. Есболдың мұнда арнайы шақыртумен келуіне де дәл осы жағдай себеп.

"Тунис – кедей ел. Мұнда халықаралық деңгейдегі жаттықтырушылар аз, шетелге көп шыға алмайды. Сондықтан олар шетелден мамандар шақыруға тырысып жатыр”, - дейді бапкер.

Есбол Сұлтанов екі елдің спортқа жасалған жағдайын салыстырғанда Қазақстан деңгейі жоғары екенін айтты. Өйткені елдің Туниске қарағанда экономикалық жағдайы жақсы және спортқа құятын бюджеті көбірек. Worldometer дерегіне сәйкес, Қазақстан жалпы ішкі өнімі бойынша 53-орында, Тунис 88-орында тұр.

"Тунис пен Қазақстанның спорттағы инфрақұрылымын салыстырсақ, Қазақстан 10 есе жоғары десем, қателеспейтін шығармын. Біздегі спорт кешендері, бюджет жақсы. Өйткені жалпы экономика екі түрлі. Тунистің қазба байлықтары жоқ, халық саны екі есе аз. Оның үстіне халықаралық банк жүйелерінен оқшауланған. Экономикасын салыстыруға келмегесін, спортқа құятын қаржысы да аздау болады" - дейді ол.

Бапкердің айтуынша, Қазақстанда таэквондо жастар көп қатысатын бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Бірақ ел 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиададан кейін бұл спорт түрінен жүлде алмады. Жаттықтырушы мәселені терең зерттеп, талдау жасау керек дейді.

"Осыны зерттеп, анализ жасау керек. Бапкерді ғана айыптап, ауыстыра беруге болмайды. Оларға да кеңесші, көмекші керек. Сол үшін кәсіби мамандар ақылдасып, жүйені дұрыстап құру керек деп ойлаймын. Аспаннан ай алғандай қиын нәрсе емес бұл, істеуге болады деген ойдамын", - дейді Есбол Сұлтанов.

Есбол Сұлтанов пен олимпиададағы жеңіс
Сұлтанов жаттықтырған олимпиада чемпионы: Жеке мұрағатынан

Жаттықтырушы биылғы құрамаға жүлде алу үшін тәжірибе жетіспегенін айтты. Ұлттық комитеттің дерегіне сүйенсек, таэквондошы Батырхан Төлеуғали – Олимпиадаға Қазақстан атынан қатысып жатқан ең жас атлет. Ол шілдеде 18 жасқа толған. Ал Самирхон Абабакировтың жасы 20-да.

"Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы медальсіз қайтты. Шын жанкүйер болдым. Бірақ балаларға, мүмкін жас болғандығынан, сәл тәжірибе жетпей қалды. Әсіресе, халықаралық тәжірибе аздау. Мұнда әлемнің ең үздік спортшылары келетіндіктен, психологиялық болсын, барлық жағынан белдесуге дайын болу керек. Ешкімнің атақ-абыройына қарамаған жөн", - дейді бапкер.

Есбол Сұлтановтың Туниспен келісімшарты осы Олимпиадаға дейін болды. Қазір оған өзге елдерден де бірлесе жұмыс істеуге ұсыныстар келіп түскен. Тунис те келісімді әрі қарай созғысы келіп жатыр. Жаттықтырушы Қазақстаннан да ұсыныс келсе қарастыратынын айтты.

"Елге қызмет етіп, отан үшін аянбай жұмыс істегенге не жетсін. Бірақ кәсіби жағынан қарасақ, Қазақстаннан әлі ұсыныс келмеді. Болып жатса, әрине, қарастырамыз", - дейді ол.

Есбол Сұлтанов бұл спортқа 1996 жылдары келген. Ол Ұлттық құрамада бірнеше жыл спортшы ретінде белсенді болған. Кейін мансабын жаттықтырушы ретінде жалғастырды. Кәсіби жолын Алматыдағы "Шаңырақ" спорт мектебінде жаттықтырушы болып бастаған. Осы уақытта Ұлттық құрамаға 40-тан аса спортшы берген. Кейін ұлттық құрамада еңбек еткен кезде үш әлем чемпионын, бірнеше Азия ойынының жүлдегерін тәрбиелеп шығарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2148273-otan-ushin-qyzmet-etkenge-ne-zhetsin-tuniske-tarihi-altyn-akelgen-qazaq-bapkeri-eki-eldegi-taekvondony-salystyrdy/