
Биатлоннан Қазақстан ерлер құрамасы қысқа Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындарында биатлоннан соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
Қазақстандық биатлоншылар 4х7,5 шақырымдық эстафетада мәреге екінші болып жетті.
Команда құрамында Александр Мухин, Әсет Дүйсенов, Кирилл Бауэр және Владислав Киреев өнер көрсетті. Олар Жапонияға есе жіберді.
Айта кетейік, бұл – биатлоншылардың IX қысқы Азия ойындарындағы төртінші медалі. Осыған дейін жекелей сында Владислав Киреев чемпион болса, Вадим Куралес күміс жүлдегер атанған еді.
Ал әйелдер құрамасы эстафетада қола медаль еншілеген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2220471-aziada-2025-qazaqstan-qorzhynyna-tagy-bir-kumis-medal-tusti/